Қазақстандық блогер 600 мың теңге тұратын тортқа тапсырыс беріп, ақшасын төлемей қойған
Фото: threads.com/@akbergenova__nurshat
Әлеуметтік желіде кондитер Аселина Батыр есімді қазақстандық блогердің 600 мың теңге тұратын тортқа тапсырыс беріп, тортты алған соң ақысын төлеуден бас тартқаны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұршат Ақбергенова есімді желі қолданушысы өзінің кондитер екенін және жақында қазақстандық блогерден тапсырыс алып, алданып қалғанын айтты.
“Өз жұмысымның ақысын ала алмай жүрмін. Кондитермін, танымал блогердің іс-шарасына деп өз жұмысымды істедім. Еңбекақымды күтіп жүргеніме бір апта болды. Ол мені бұғаттап тастады. Тек торттың шығынына өз қалтамнан 440 мың теңге жұмсадым. Чектері бар. Торттың салмағы – 18 келі. Тек сапалы өнімдерді қолдандым. Stories-ке қарасам, торт тапсырыс берушіге де, қонақтарына да ұнаған секілді”, – деп жазды Нұршат.
Оның айтуынша, блогер торттың бір-бірінің үстіне қойылған көрпеше секілді болуын қалаған. Тапсырысқа сай, оның астыңғы екі қабаты – муляж, үстіңгі екі қабаты кәдімгі торт болу керек еді.
“Екі муляжға 100 мың теңге кетті. Тортқа арналған принтермен безендірдік. Оған 170 мың теңге кетті. Мен бірден нақты бағасын айтпаған себебім – бұл әдеттегі тапсырыстардың бірі емес”, – деп жазды кондитер.
Фото: threads.com/@akbergenova__nurshat
Нұршаттың сөзінше, тапсырыс беруші тортқа өзгеріс енгізіп отырғандықтан нақты бағасын бірден айта алмаған. Торттың жалпы құны 600 мың теңгеге шыққан. Оның алдында блогер 100 мың теңгесін алдын ала төлеп қойған. Енді 500 мың теңге беруі керек.
Нұршаттың бұл жазбасына қатыс блогердің өзі жауап берді. Ол торттың мұншалықты қымбат болатынын білгенде тапсырыс бермейтін едім деп отыр.
“Тортқа 300 мың теңге дайындаым. Ол маған бағасын бірден айтқанда басқа кондитердің қызметіне жүгінер едім. Торттың құнын бірнеше рет сұрадым, бірақ ол үндемеді. Тек іс-шара болатын күні тортты жеткізіп, 70 қонағым күтіп отырған кезде айтты. Тортты қалдырдым, ақшасын кейін жіберемін дедім. Бұл кәсібилікке жатпайды. Торттың салмағы 18 келі емес, оның 8-9 келісі ғана жеуге келеді. Қалғаны жай безендіру”, – деп жазды блогер Аселина Батыр.
Желі қолданушыларының тарапынан хейтке ұшыраған блогер алдағы уақытта сотқа жүгінетінін айтып, бұл мәселені заң тұрғысынан шешетінін жеткізді.

"Актер Жан Байжанбаев жарнамалаған": Алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясының 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтты
