Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бес боксшы Азия чемпионатының финалына жолдама алды

Фото: ҚБФ

Бангкокте (Таиланд) өтіп жатқан 19 және 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының бес өкілі финалға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

60 келі салмақта сынға түскен Нұрислам Қалдыбаев жартылай финалда Бутан елінің боксшысы Дечен Дорджимен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы қарсыласын бауырдан соққымен нокаутқа түсіріп, кездесуді бірінші раундта-ақ аяқтады. Финалда Қалдыбаев Өзбекстаннан келген Шорух Абдумаликовпен жұдырықтасады.

Тағы бір қазақстандық боксшы, 65 келі салмақтағы Илья Калинин финалға жекпе-жек өткізбей өтті. Оның қарсыласы, филиппиндік боксшы жарыстан бас тартты. Осылайша Калинин финалға жолдама алып, шешуші кездесу алдында демалып алуға мүмкіндік алды.

70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Нұрбек Мұрсал жартылай финалда Малайзия өкілі Мухаммад Арифпен жұдырықтасып, айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Финалдық жекпе-жекте Нұрбек өзбекстандық Мухаммад Азизбек Исмоиловпен алтын медаль үшін күш сынасады.

80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Санжарәлі Бегалиев те финалға шықты. Ол жартылай финалда үндістандық Анкушпен кездесіп, үш раунд бойы басымдық танытты. Бірінші раундта өткір шабуылдары мен қарсы соққылары арқылы басым түскен Бегалиев екінші раундта да тактикасын сәтті жалғастырып, қарсыласын қорғаныстан шығара білді. Үшінші раундта қазақстандық боксшы комбинациялық шабуылдарымен толықтай үстемдік орнатты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Санжарәлі Бегалиевке беріп, ол финалға жолдама алды.

90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Темірлан Мұқатаев та Азия чемпионатының финалына жолдама алды.

Жартылай финалда ол Оңтүстік Корея өкілі Ячан Мунмен кездесіп, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Мұқатаев жекпе-жек барысында айқын басымдық танытып, рефери кездесуді уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 13:11
Талқылау
`