"Құрып кетіңдер": Қазақстандық бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға ақыл айтатын үлкен буынға шүйлікті
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандық бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға орынсыз сұрақ қойып, ақыл айтатындарды сынға алды. Ол отбасында болған жағдайды баяндап, баласы жоқ ерлі-зайыптылардың жанайқайын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адамның әйелімен шаңырақ көтергеніне 6 жыл болған. Бірақ әзірге бала сүйе алмай жүргенін айтты.
“Әйелім бірнеше рет жүкті болды. Алғашқы жүктілікті әйелім сүйіншіледі. Араға 2-3 ай салып жақындарымызды жақсы жаңалықпен қуанттық. Бірақ ойда-жоқта бала шетінеп кетті. Бір жылдан кейін әйелім тағы бала көтерді. Бұл жолы бала жақсы дамыды. 6 айлық кезінде әйелім жоспарлы тексеріске барғанда дәрігер баланың іште шетінеп кеткенін айтты. Баланы алған соң оны әйелімнің әкесінің жанына жерлеу керек едік. Бірақ мен үшін бұл өте ауыр болды. Өз баламды жерлейтінімді ойлағанда күйзеліске түсіп кеттім. “Gender party” жасап, бұл баланы қатты күткен едік. Сол кезде ата-анам солтүстіктен келді. Құран оқыған кезде, баланың атын сұрады. Біз ол туралы ақылдаспаған едік. “Ляйсан” деп қойдым. Ата-анам баланы туған жерге алып кетіп, бауырларым мен достарым баламды атамның жанына жерледі. Маған өз баламды жер қойнына тапсыру өте ауыр болды”, – дейді желі қолданушысы.
Ол осы сәтте әйелінің физикалық және рухани тұрғыда күзелісті бастан өткергенін ерекше атап өтті. Барынша оның жанында болып, қолдау көрсетуге тырысқан. Осы жағдайдан кейін жүктілікті анықтайтын тесттің бірнеше рет қате нәтиже көрсетіп, үміттеніп қалған кездер болғанын да жасырмады.
“Біз адамдармен танысқанда немесе туыстарымызбен көрісеміз. “Балаларыңыз бар ма?” деген сұрақ қойғанда баласы жоқ адам ретінде өзімді жайсыз сезінемін. Бұл бергі жағы. “Иә, жоқ” деп құтыласың. Бірақ жағдайды толық түсінбей жатып, ақыл айтып, кеңес беріп, бір нәрсе ұсынып, сөгетін бөтен адамдарға “құрып кетіңдер” деп айтқым келеді. Денсаулығымыз жарамай ма, психологиялық мәселелеріміз бар ма, рухани жағынан бала сүйе алмаймыз ба, ол басқаларды алаңдатпау керек. Адамдар болады, “жоқ” деген сөзден-ақ бәрін түсіне қояды. Бірақ үлкен буын ақыл айтуға дайын тұрады. Олар біздің көргенімізді көрген жоқ, неге араласады? Бұл ер адам үшін де, әйел үшін де ауыр сұрақ”, – деді ер адам.
Алайда жазбаның астында автордың жеткізгісі келген ойын елеместен, кеңес беріп жатқандар көп. Сондай-ақ видео авторын қос қолдап қолдағандар да бар.
“Айтылған кеңестің бәрі бірдей жаман емес. Керегін алып, алғыс айтыңдар”, “Зиратқа барып ақша қалдырып, “өтелді” деп айтыңыз. Мұны “өтем” дейді”, “Сол үшін туыстарыммен кездескім келмейді”, “Мені де осы нәрсе ашуландырады”, “Қазір адамдарда тәрбие жоқ”, “Бауырым, мен сені түсінемін”, “Адамдар ойланбай сөйлейді”, – деп жазды желі қолданушылары.
Арасында қазір қиын кезеңді бастан өткізіп жүрген ерлі-зайыптыларды түсінетінін, бақыт тілеп, қолдау білдіргендер де табылды.
@turbo_nurba ♬ original sound - Нурбек Жагипаров

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
