Сот қала көшелерінде бірнеше тұрғыннан алынған блиц-сұхбатты қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама деп таныды. Бұл олардың пікірінше, сайлау және АЭС құрылысы мәселесі бойынша референдум кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама өткізу ережелерін бұзу болып саналады.
Қазақстандық БАҚ Конституция бойынша референдумға қатысты сауалнама үшін айыппұл арқалады

Сот “Уральская неделя” басылымын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы бойынша жауапкершілікке тартып, 129 750 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқықтық медиаорталықтың мәліметінше, “Сайлау туралы” Конституциялық заңға сәйкес, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге кемінде бес жылдық тәжірибесі бар және Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша хабардар еткен заңды тұлғалар ғана құқылы.
“Алайда бұл талаптар журналистерге қате түрде қолданылып жүр: әлеуметтік желідегі стористегі сұрақтар немесе көшеде өтіп бара жатқан адамдардан алынған сұхбаттар қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама ретінде бағалануда. Журналистік жұмыстың ерекшелігі мен табиғатын ескерсек, мұндай жанрларды сауалнама деп қарастыруға болмайды”, – деп атап өтті үкіметтік емес ұйым.
Құқықтық медиаорталық бұл басылымға қатысты жасалып жатқан қысым алғашқысы емес екенін де еске салды. 2024 жылы атом электр станциясын салу жөніндегі референдум қарсаңында сот “Уральская неделя” газетінің бас редакторы Тамара Еслямоваға көшеде АЭС құрылысы туралы сұхбат жүргізгені үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Бұған дейін Бас прокуратура “қазір 4 заңбұзушылық анықталды, оның үшеуі республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізу фактілері, ал біреуі – осындай сауалнаманың қорытындысын тиісті деректемесіз жариялау” екенін хабарлаған болатын.
Қадағалау органының мәліметінше, екі жағдайда сауалнаманы жеке тұлғалар жүргізген, ал тағы бір жағдайда заңды тұлға Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар етпей сауалнама ұйымдастырған.
“Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салынды. Сондай-ақ бір баспа басылымының иесі қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін заңда көзделген міндетті деректемелерсіз жариялағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады бейсенбі күні Бас прокуратура.
Қазақстандықтар үшін шетелге демалуға ең тиімді айлар аталды