Қазақстандық спортшы Өзбекстандағы додада жүлдеақы төленбегеніне шағымданды

400 метрге жүгіруден Азия чемпионы Аделина Земс 21-22 маусым аралығында Өзбекстанда Arzumanov Memorial турнирінде топ жарды. Айтулы додада жарыс жеңімпазына шамамен 250 мың теңге (500 доллар) алуы тиіс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrisport.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар 16–17 тамызда өткен Road to Tokyo турниріне қатысқаны үшін тағы 500 мың теңге (1000 доллар) жүлдеақы қарастырылған.
Алайда Аделина Земстің айтуы бойынша жарыстың өткеніне жарты жылдан астам уақыт өтсе де, қазақстандық спортшыға уәде етілген қаражат әлі аударылмаған.
"Өзбекстандағы екі старт үшін маған жалпы 1500 доллар қарыз. Біздің тарап хабарласты, белгілі болғандай, федерация басшылығы жиі ауысады. Сол себепті тек бізге ғана емес, өзбек спортшыларының өзіне де төлемдер бойынша қиындықтар барын айтуда. Жауап біреу, ақшаны және демеушілерді іздеп жатырмыз. Басқа федерацияларда да дәл осындай кешігулер болады. Бірақ олар нақты мерзімін айтады және соңында жүлдеақыны төлейді. Ал Еуропада жүлдеақы жарыстан кейін бір ай ішінде беріледі", – деді Аделина.
Спортшының айтуынша, командадағы кейбір әріптестері Ташкенттегі өткен турнирлерде жүлде ақыны мүлде тіпті одан бұрын да алмаған.
Сонымен қатар Аделина бұл мәселе екі ел федерациялары арасында алауыздық тудырмауы тиіс екенін атап өтті.
"Мен Өзбекстанды, адамдарын және мәдениетін жақсы көремін. Бірақ спортшылар алдындағы міндеттемелер орындалуы керек", – деді ол.
Айта кетейік, 27 жастағы Аделина Земс Қазақстан құрама сапында бірнеше жүгіру дисциплинасында өнер көрсетеді. Ол 2018, 2023 және 2024 жылдары 4×400 метрлік эстафетада Азияның жабық кешендегі чемпионы атанған.
"Жарыңа деген сенімсіздік немесе бала-шағаңмен далада қалу": Неке шартына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды