Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық азамат вокзалда төрт млн теңгесі бар сөмкесін ұмытып кетті

Көлік полициясы жоғалған 4 миллион теңгені тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы-Маңғыстау бағытындағы пойыздың жолаушысы өзінің Шымкент қаласындағы үйін сатқаннан кейін алған 4 миллион теңге ақшасын жоғалтып алған. 

27 қараша күні таңертең Асқар Жоланов жолаушылар пойызымен Маңғыстау станциясынан түседі. 

Пойыздан шыққанан кейін жолаушы таксиге отырмақ болып, ақшасын іздеген. Сол кезде 4 млн теңгесі бар сөмкенің жоқ екенін байқады. Сөмкеде ақша және барлық құжаттар болған. Өз бетімен іздеп жүргенімен ол нәтижесіз болып шығыпты. Уақытты жоғалтпастан, ол полиция бөлімшесіне барып, үлкен көлемдегі ақшаның жоғалғаны туралы жазбаша арыз жазды. 

Маңғыстау станциясының жедел уәкілдері қабылдаған жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде сөмке табылды.

"Бұл жолаушы пойыздан түсіп, сөмкесін платформада қалдырып кеткен, оны абайсызда тағы бір белгісіз жолаушы алып кеткен. Өтініш түскен сәттен бастап барлық аймақтарда рейдтер ұйымдастырылды. Бұл сөмкені табу процесі өте қиын болды және бес күнге созылды. Мұның себебі вокзал азаматтардың тығыз шоғырланған орны. Сондай-ақ, барлық көлік нысандары, оның ішінде вокзалға жақын орналасқан ғимараттар, қоқыс пен қаңғыбас мекендейтін жерлерге дейін тексеруден өтті", - деді Маңғыстау станциясының көліктік полиция бөлімі бастығының орынбасары Қуанышкерей Қызылбаев.

Оның айтуынша, тексеру іс-шаралары осы жолаушы жүрген вагонның барлық аумағында жүргізілген.

"Біз әр жолаушыға хабарласып, тіпті олардың тұрғылықты жерін араладық. Бұл шараға біздің бөлімнің барлық жедел қызметкерлері жұмылдырылды. Біздің жұмысымыз жеміс берді және біз жоғалған сөмкені абайсызда алған белгісіз жолаушыны анықтадық. Ақша иесіне толығымен қайтарылды", - дейді мамандар.

Сөмкенің иесі қызметкерлерге ерекше ризашылығын білдірді.

"Бұл менің отбасым үшін өте маңызды қаражат еді. Ақшамыздың табылғанына қуаныштымыз. Көлік полициясына алғыс білдіреміз. Бес күн бойы қаражатымызды іздеп, кері қайтарып берді", - дейді Асқар Жұланов.

Ер адам үйін сатып, алған қаражатты ұлының еміне жұмсамақ болған. 

Талқылау