"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған

Жақында желіде қазақстандық көпбалалы ана 1,5 жастағы ұлына қатысты жантүршігерлік жағдайды баяндады. Әйелдің сөзінше, бүлдіршін көз алдында “Азелит” атты күшті химиялық тазартқыш құрал ішіп қойып, өңешін қатты күйдіріп алған. Қазір ана баланың өз өңешін сақтап қалу үшін дәрігерлерден көмек іздеп, барын салып жүр. Бұл оқиға желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқыға түсті. Stan.kz тілшісі анамен тілдесіп, оқиғаның қалай болғанын білді.
Павлодарлық Айсәуле 8 баланың анасы. Ал ауыр жағдай 2023 жылғы қазанда болған. Отбасы ол уақытта жер үйде тұрып, үй жылытуға пеште от жаққан көрінеді. Бір күні Айсәуле асүй мүліктерін талазауға құрамында сілтілі (агрессивті) химиялық заттар бар май кетіргіш құрал “Азелит” сатып алып келеді.
“Алдымен барлық қазанды тазалап, асүй жиһазын сүртуге кірістім. Тастайын деп тұрған қасықтарды қимай, бір стақанға үш қасықты салып, оған азелитті сеуіп, жерге қойып қойған едім. Сол сәтте баламның қашан жаныма келгенін байқамай қалыппын. Ол қасықты алып, жерге қойып түбінде тұнып тұрған азелитті ішіп қойған”, – дейді ол.
Анасы кенеттен баласының жан даусымен жылағанын естиді. Айтуынша, ұлының аузы сол сәтте-ақ қып-қызыл болып ісіп кеткен. Қатты шошып кеткен сәби анасынан ажырамай, құшағына тығыла кеткен.
Олар дереу жедел жәрдем шақырып, Павлодар облыстық ауруханасына барған. Онда дәрігерлер баланың асқазанын жуып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бірнеше күннен кейін контраст арқылы өңештің қай жері күйгенін анықтау үшін тексеру жүргізілген. Алайда контрастпен толық көрінбегендіктен, дәрігерлер ФГДС жасау туралы шешім қабылдады. Тексеру барысында баланың өңешінде ауқымды күйік бары анықталған.
“Сол кезде-ақ асқазан кіреберісінің тарылуы (стеноз) басталғаны белгілі болған. Дәрігерлердің айтуынша, өңеш күйгеннен кейін ол біртіндеп тарыла бастайды екен. Сосын екі апта сайын ауруханаға барып тұрдық, онда оның өңешіне буждау жасайды, яғни өңешін кеңейтеді. Егер ол жасалмаса, өңештен тамақ өтпейді. Жазға дейін Павлодар облыстық ауруханасында бақылауда болдық. Тамақты жұта алмайтындықтан балаға зонт салынды, алайда ол оны бірнеше рет жұлып алғандықтан, тамақты блендермен майдалап беруге тура келді. Сол мезетте жаным ашып, жүкте екеніме қарамастан, баланы емізіп жүрдім”, – дейді ол.
Буждау ешқандай нәтиже бермегендіктен бүгінде оларды Астанадағы “Ана мен бала” орталығында жіберген. Ал бүлдіршінге өңештің тарылуы (стеноз) диагнозы қойылып, сонымен қатар шығу тегі белгісіз С гепатиті және гастроэзофагеалды рефлюкс ауруы (GERB) сияқты қосымша диагноздар анықталған. Баланың асқазанына гастростома қойылған, өздігінен тамақтана алмай қалғанда ас тікелей асқазанға стома арқылы енгізіледі.
Алдағы мақсатымыз – баланың өз өңешін сақтау, дейді Айсәуле. Өйткені бастапқы кездерде дәрігерлер өңешін 25 өлшемдік буж арқылы кеңейтсе, қазір бұл көрсеткіш 30 өлшемге жеткен, яғни көрсетіліп жатқан ем оң нәтиже беріп жатыр.
Әйел алғашында баласы тазартқыш құрал жұтпаған, тамағын ашытқан соң түкіріп тастады деп ойлаған. ФГДС жасалғаннан кейін ғана оның шынымен жұтқанын түсінген.
“ФГДС нәтижесі шыққан соң өзімді қоярға жер таппадым, оған қоса, ол кезде аяғым ауыр еді. Сол күйзелістің әсері тіпті ішкі балаға да тиді. Бала туған кезде туа біткен стридор – жылағанда да дауысы шықпай жылайтын, жүрек ақауы (дефект) болған. Қазір бәрі жақсы, тек жүйелі түрде кардиологқа қаралып тұрамыз”, – дейді ол.
Айсәуле сол күні “Азелитті” сатып алғанына әлі күнге дейін қатты өкінетінін айтып, көзіне жас алды. Ол тіпті өзіне қол салмақ болған.
“Ойымда да, түсімде де сол күнге қайта-қайта орала беремін. Сол “Азелитті” сатып алғаныма қатты өкінемін, енді қайта сатып алғым келмейді. Дүкенге неге бардым, “Азелит бәрін күшті кетіреді” дегенді неге тыңдадым деп ойлаймын. Мен өзімді жазғырып болдым, тіпті өз-өзіме қол жұмсағым келген кездер болған”, – дейді ол.
Ол барлық ата-ананы мұндай химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға, оның қателігін қайталамауға шақырды.
Дәрігер не дейді?
Осы тұста Stan.kz педиатр Алтынай Хедербекқызымен де тілдесті.
Дәрігер “Азелиттің” ағзаға қандай қаупі барын түсіндіріп берді. Оның сөзінше, “Азелит” – сілтілі, яғни құрамында OH иондары көп химиялық сұйықтық. Ол шырышты қабатқа тиген кезде күйік пен ісікті тудырады.
“Неге екенін түсіндірейін: біздің шырышты қабаттың мембранасы майлар мен ақуыздардан тұрады. Сілтілі сұйықтықтар сол майларды ерітіп, мембрананы бұзады. Нәтижесінде жасушалар бір мезетте ыдырай бастайды. Қышқылдарға қарағанда сілтілі сұйықтықтар қауіптірек, себебі олар жасушаларды ыдыратқанда қорғаныш қабықшасын түзбейді және әсері терең қабаттарға дейін жетеді. Сондықтан сілтілі сұйықтықпен болған күйіктер әдетте өте терең болады”, – дейді дәрігер.
Маман ең жиі кездесетін күйік – өңештің күйігі екенін айтты. Оның айтуынша, бала “Азелит” сияқты сілтілі химиялық сұйықтықтың аз мөлшерін ғана ішсе де, өңештің шырышты қабаты бір мезетте зақымданып, күйіп қалады. Ал ағзаның бұл бөлігі толық қалпына келмейді.
“Кейін күйген жерде тыртықтық тарылу пайда болады. Салдарынан бала тамақты дұрыс жұта алмай қалады, өмірінің көп бөлігі операциялық түзету мен буждау процедураларына кетеді. Кейде гастростома қойылып, тамақ тікелей асқазанға стома арқылы енгізіледі”, – деп түсіндірді ол
Алтынай Хедербекқызы маңызды ескерту жасады.
“Құрметті аналар, үйлеріңізде кішкентай бала болса, мұндай қауіпті химиялық сұйықтықтарды сатып алмаңыздар немесе қолы жетпейтін жерде сақтаңыздар. Бал – бізге берілген аманат, оның денсаулығына мұқият болайық”, – деп түйіндеді ол.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған