Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО мен Түркістан облысы әйелдер үшін Қазақстандағы ең нашар аймақ болып шықты

Гендерлік саясат статистикаларын зерттеу барысында қазақстандық әйелдердің қаншалықты қолайлы әрі тең қоғамда өмір сүріп жатқаны тексерілді. Ол үшін төрт фактор – тұрмыстық зорлық-зомбылық, жалақы айырмашылығы мен әйелдердің кәсіптегі үлесі және білім мен ғылымдағы орны қарастырылды. Stan.kz тілшісі осы төрт фактор бойынша әйелдер үшін өмір сүруге қолайлы және қолайсыз өңірлердің рейтингін жасады.

Жалақы айырмашылығы 

Ұлттық статистика бюросы келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда ер адамдар әйелдерден 21,7% көп жалақы алады. Яғни ерлердің орташа жалақысы – 281 239 теңге, ал әйелдердікі  – 220 160 теңге. Алайда әр өңірде жағдай әртүрлі.

Ең үлкен жалақы айырмашылығы – Атырау мен Маңғыстау облыстарында, онда жалақы айырмашылығы 2 есеге жуықтайды. Атырау облысында ерлер әйелдерден 222 мың теңге, Маңғыстауда 190 мың теңге көбірек ақша алады. Десе де, екі өңірдің әйелдері өз өңіріндегі ерлерден аз жалақы алғанымен, басқа облыстардағы әйелдерден жоғары жалақыға ие.

Мұны гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызы аймақтағы мұнай-газ секторымен байланыстырады. 

“Аталмыш Атырау, Маңғыстау облыстарында ер адамдар мұнай саласында жұмыс істейді. Ал әйелдер негізінен қызмет көрсету саласында қызмет етеді.  Әдетте жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, саудамен айналысады немесе сұлулық саласында қызмет көрсетеді. Бұл – табысы аз кәсіптер”, – деді Құсайынқызы.

Ал Қарағанды облысында жалақы айырмашылығы – 77 мың теңге. 

Алматы облысында ғана әйелдер ерлерден көбірек айлыққа ие, яғни орташа табыс 7000 теңгеге көп. Әрі атыраулық және маңғыстаулық қыз-келіншектерден кейін алматылықтардың жалақысы жоғары.

Ал Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында айтарлықтай жалақы айырмашылығы жоқ, айлықтары шамалас.

Солтүстік Қазақстандағы әйелдер өңір бойынша ең аз жалақы алады, олардың орташа табысы – 187 мың теңге.

 

Фото: Stan.kz

Бизнестегі әйелдер үлесі

Қазақстандық 1 миллион әйел шағын және орта бизнеспен айналысады. Әйелдердің бизнестегі үлесі – 33%.

Кәсіпкер әйелдер саны бойынша үш мегаполис көш бастап тұр. Ал олардан кейінгі орында – Қарағанды облысы. Ал Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер әйелдер өте аз.

Finprom мониторинг агенттігі 29 жасқа дейінгі кәсіпкер қыз-келіншектердің санын ұсынған:

  1. Алматы – 2399;
  2. Астана – 1981;
  3. Шымкент – 650;
  4. Қарағанды – 517;
  5. Алматы облысы – 469;
  6. Павлодар – 285;
  7. Маңғыстау – 278;
  8. Жамбыл – 268;
  9. ШҚО – 252;
  10. Ақтөбе – 244;
  11. Атырау – 238;
  12. Түркістан – 234;
  13. Ақмола – 176;
  14. Қызылорда – 155;
  15. БҚО – 104;
  16. СҚО – 70.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық 

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 578 қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. 

Облыс бойынша тұрмыста ең көп қылмыстық құқықбұзушылық Алматы облысында жасалған, сегіз айда 56 қылмыс болған. Екінші орында – Павлодар облысы, онда 52 қылмыс болды. Одан кейін Қарағанды ​​облысы, 47 құқықбұзушылық.

Ал статистика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық ең аз өңірлерге Маңғыстау (11), Ақтөбе (13), Қызылорда және Абай (16) облысы жатады.

Фото: Stan.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қай өңірде полицияға шағым көп түсетінін айтты.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша тіркелген шағымдар саны: Астанада – 7,5 мың, Жамбыл облысы – 6 790, Алматы – 6 780, Павлодар – 6,5 мың. Ал Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында шағым аз түседі. Бірақ біз халық санын ескеруіміз керек", – деді Лепеха.

Фембелсенді Айгерім Құсайынқызы бұл статистикаларға күмәнмен қарайтынын айтады. Сөзінше, көптеген дәстүр ұстанатын өңірде әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, құзырлы органдарға жүгінбейді.

Білім және ғылым 

Ұлттық статистика бюросының кейінгі деректеріне сай, елде жоғары білім алған қыз-келіншектер саны ерлерден 4% көп. Сондай-ақ әйелдердің ғылымдағы үлесі – 54,5%.

Зерттеумен айналысатын ең көп әйелдер үлесі Павлодар мен Ақмола облыстарында. Онда зерттеуші-мамандардың 62%-ы –  әйелдер. Одан кейін Қызылорда мен Қарағанды (58%), Алматы, Маңғыстау, Ақтөбеде (56%) көп.

Ал өңір бойынша әйелдер үлесі Солтүстік Қазақстан мен Түркістанда, Атырауда аз. Онда әйелдер ғалымдардың 40, 41, 42%-ына тең.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қай өңір әйелдер үшін қолайлы?

4 критерийді саралай келе, әр өңірге баға беріп, жалпы балын шығардық. Әр критерийде жақсы нәтижелерге ең жоғары балл беріледі, ал ең нашарына 1 балл есептеледі. Нәтижесінде Қазақстанда әйелдер үшін тиімді өңір Маңғыстау болып шықты. Одан кейінгі орынды Алматы қаласы алды, ал үштікті Қызылорда аяқтайды. 

Ал тиімсіз өңірлер – Қостанай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облысы.

Фото: Stan.kz

Талқылау