Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық демалысқа бару үшін 6 млн теңге төлеп, қаржыны екі жылдан кейін сот арқылы қайтарып алды

Жолға шыққалы тұрған әйел

Фото: freepik.com

Ақтөбе қаласының тұрғыны демалысқа бару үшін турагентке 6 млн теңге төлеп, ақшасын екі жылдан кейін сот арқылы қайтарып алды. Бұған қоса ол 100 мың теңге моральдық шығын өндіріп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе қалалық соты таратқан мәліметке сүйенсек, қала тұрғыны 2023 жылы туристік қызмет көрсетуге міндеттелген туристік агентпен келісім-шартқа отырып, шамамен 6 миллион теңге болатын қызмет құнынын төлеген. Туристік өнімді туроператор (басқа ЖШС) сатқан.

Алайда екі жылдан кейін турист шартты бұзу, 6 млн теңгені ортақ тәртіпте өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

"Талап қоюшы шарт талаптарының заңнамаға және турагенттік қызметке сәйкес келмейтінін, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптарының бұзылғанын атап өтті", – делінген сот хабарламасында.

Ақтөбе қаласының соты істі қарау барысында шартта қонақүйлердің орналасуы, демалыс пен жол жүру шарттары, сақтандыру мен қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтердің жоқ екенін көрсетті.

"Мұндай жағдайда бұл шартты туристік қызмет көрсетуге арналған үлгілік шарт талаптарына сай деп тануға болмайды, өйткені онда маңызды ережелер заңсыз түрде алынып тасталған. Бұл туристік өнім туралы толық емес әрі шындыққа сай келмейтін ақпараттың берілуіне алып келген және шартты бұзу мен келтірілген залалды өтеу құқығының туындауына негіз болып саналады", – делінген хабарламада.

Турагент талап қоюшының шартты бұзу және 6 млн теңгені қайтару жөніндегі сотқа дейінгі шағымына жауап бермеген.

Сот талап арызды қанағаттандырып, туристік қызмет көрсету шартын бұзып, талап қоюшының пайдасына 6 млн теңгеден астам қаражат, соның ішінде 100 мың теңге моральдық шығын өндіріп берді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 15:54
Талқылау
`