Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әуе компаниясы Гүржістанға рейстерін уақытша тоқтатты

Қазақстаннан Гүржістанға әуе билетін сату тоқтатылдыФото: Pixabay.com

Қазақстанның лоукостер әуе компаниясы FlyArystan (Air Astana АҚ-ның еншілес компаниясы) 2026 жылғы 23 қаңтарда Гүржістан бағытындағы рейстерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, Қазақстан астанасынан Гүржістанның ең көне қалаларының бірі – Кутаиси қаласына ұшатын рейстер наурыз айының ортасына дейін уақытша тоқтатылады.

“Астана – Кутаиси бағыты бойынша рейстерді орындау ұшу бағдарламасын оңтайландыру аясында 2026 жылғы 1 ақпан мен 15 наурыз аралығында уақытша тоқтатылды. Аталған бағыттағы рейстер 2026 жылғы 16 наурыздан бастап қайта жанданады”, – деп хабарлады FlyArystan баспасөз қызметі.

Сондай-ақ өзекті рейстер кестесін www.flyarystan.com ресми сайтынан және әуе компаниясының мобильді қосымшасынан тексеруге болатыны айтылды.

“Әуе тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылған жағдайда жолаушыларға әуекомпанияның қолжетімді рейстеріне бір рет тегін қайта брондау немесе әуе билетінің толық құнын қайтарып алу мүмкіндігі ұсынылады. Егер билет FlyArystan-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған болса, өзгерістерді “Брондауды басқару” бөлімінде өз бетінше енгізуге болады. Ал билет үшінші тарап платформалары немесе агенттіктер арқылы алынған жағдайда, жолаушылар сатып алу орнына жүгінуі қажет”, – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қайтарылмайтын әуе билеттерін сатуға тыйым салу ұсынылғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 23:56