Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әскерилердің жұбайы тұрғын үй төлемдерін қайтаруды талап етіп отыр

тұрғын үй дауыФото: Видеодан скрин

Қазақстандық әскерилердің әйелдері тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібіне енгізілген өзгерістерге наразы. Олардың айтуынша, түзетулер әскери қызметкерлердің отбасыларын баспанасыз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Эльмира Талдықорғандағы қатардағы жауынгердің жұбайы. Өз баспаналары жоқ, жалдамалы пәтерде тұрады. 2019 жылы оның жұбайы 1,8 миллион теңге көлемінде біржолғы тұрғын үй төлемін алған. Бірақ бұл ақшаға үй сатып ала алмаған. Бұған дейін айына 236 мың теңге көлемінде жалдау өтемақысын алып келген. Алайда 1 шілдеден бастап төлем жартылай қысқартылыпты. Енді жалға алу келісімшарты ресми түрде талап етіледі.

"Жеке кәсіпкерлікті (ИП) ешкім ашқысы келмейді. Біз не істейміз? Несиеміз бар. Неге бір жыл бұрын Қорғаныс министрлігі ескертпеді? Біз адам емеспіз бе? Күйеулеріміз жыл сайын полигонда жүреді. Күнделікті үйде бола бермейді. Біз өзіміз жалдамалы пәтерде тұрамыз. Тіпті үйде нан жоқ. Несиелерді қалай төлейміз?", – дейді әскери қызметкердің жұбайы. 

Эльмираның айтуынша, мыңдаған әскерилердің әйелі түзетулерге наразы. Әсіресе ауылдық жерлерде ресми келісімшартпен пәтер табу қиын. Ал отбасылар далада қалып жатыр. Үйді өз қалтасынан төлеуге шамалары жетпейді. Көпшілігі несие алып қойған. Қазір мүлдем күнін көре алмай отыр екен. Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістерді енгізуге көптеген әскери қызметкерлердің төлемдерді мақсатсыз пайдалануы себеп болды. 

"Тұрғын үйді жалға алу шарты міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мұнда жеке кәсіпкерліктің қажеті жоқ. Ең бастысы жалға алушы мен жалға беруші Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, шартты Әділет органдарында тіркеуі керек", – деді  Қарулы күштер әскери инфрақұрылымның бас басқармасы тұрғын үй саясаты басқармасының бастығы Дәуренбек Жұмабек.

Жалға алу төлеміне үміттеніп, несие алған отбасылардың жағдайы тіпті ауыр. Бірі алтынын ломбардқа өткізіп, пәтерақысын төлесе, енді бірі әскери қызметтен кетуді жоспарлап жатыр екен. 

"Мұндай шешім қабылдамас бұрын әскери қызметкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет еді. Олар отбасы мүшелеріне бұл шараның мәжбүрлі түрде жүргізілетінін түсіндіруі тиіс еді. Кез келген қысқарту немесе төлемдердің тоқтатылуы әрине кері реакция туғызады. Мұны алдын ала болжап, ескеру қажет еді", – деді генералдар кеңесі президиумының мүшесі Шаймұрат Отарбаев. 

Әскерилердің әйелдері үкіметке хаттар мен видеоүндеулер жолдап, түзетулерді қайта қарауды және төлемдерді қайтаруды талап етіп жатыр. Қорғаныс министрлігі жұмыс тобы құрылғанын және рәсімдерді жеңілдету механизмін қарастырып жатқанын хабарлады.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 09:59
Талқылау