Қазақстандық әріптесінен кешірім сұраған Украина премьері отставкаға кетті
Фото: t.me_Denys Smyhal
15 шілдеде Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль отставкаға кету жөнінде өтініш жазды. Ол президент Владимир Зеленскийге сенім білдіргені үшін алғыс айтып, өз командасына ризашылығын білдірді. Премьер-министр қызметін оның орынбасары Юлия Свириденко атқаратын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі УНИАН порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, Шмыгаль отставкаға Украинада атқарушы билік жүйесінде болғалы отырған реформаларға байланысты кеткен. Бұған дейін Зеленский Шмыгальдің тәжірибесі елдің Қорғаныс министрі қызметінде пайдалы болатынын айтқан.
Сондықтан экс-премьер алдағы уақытта Украина Қорғаныс министрлігін басқаруы мүмкін. Айта кетейік, Украина Ресеймен үш жылдан астам уақытқа созылған соғыстың ортасында тұр.
Шмыгальдің өмірбаянында Қазақстанға қатысты ерекше бір жайт бар. 2020 жылы, коронавирус пандемиясының өршіп тұрған кезінде, ол Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Асқар Маминнен ресми кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Себебі Украина инфрақұрылым министрі Владислав Криклий Маминмен кездесуге келгенде, жарамсыз ПТР-тест ұсынған. Осыдан кейін Асқар Мамин украин премьерінің кешірімін қабылдаудан бас тартқан еді.
Бұл кезде Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер тығырыққа тіреліп тұрған.
Израильдің Тегеранға жасаған шабуылы салдарынан Иран президенті жарақат алды – БАҚ
Еске салайық, бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко да кезінде экс-премьер-министр Асқар Маминнен кешіккені үшін кешірім сұраған еді. Бұл оқиға 2020 жылы Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында болған. Лукашенко Ресей премьерімен келіссөзге ұзақ қатысып, Маминді күттіріп қойғаны үшін кешірім білдіріп, "мүмкін емес мәселелер талқыланды" деп ақталған.