Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық актер АҚШ-та адам өмірін сақтап қалған: Куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

АҚШ-та адам өмірін сақтап қалған қазақстандық актерФото: Әлеуметтік желіден

Қазақстандық актер Санұржан Сүлеймен АҚШ-та адам өмірін сақтап қалды. Куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға туралы Санұржанның әріптесі, актриса Айдана Сахари Jibek Joly телеарнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасында онлайн байланыс арқылы айтып берді.

"Бізді белгілі режиссер және кинопродюсер Еркін Ялғашев қонаққа шақырды. Кездесу кезінде бір сәтте қатты дауыс естілді. Кейін үйдің төмен жағында бір көлік жолдан шығып кетіп, биік жардан сайға құлап кеткен екенін білдік. Біз алғашында не болғанын түсінбей қалдық. Санұржан екеуміз алғаш болып көмекке ұмтылдық. Бірақ мен қыз болғандықтан, ол мені жоғарыда қалуға көндіріп, өзі төменге жүгіріп кетті. Тік жардан түсу өте қиын болды. Кейін көліктің өзенге құлап кеткені анықталды. Ішінде бір ғана адам егде жастағы ер кісі бар екен. Санұржан оны құтқарып қалды. Ол жеткенде көлікті өртеніп жатыр екен. Әлгі кісі сыртқа шығып үлгергенімен, көліктің астында қысылып қалған. Санұржан үйге қайта жүгіріп барып, шелек сияқты зат табуға тырысты. Содан кейін өзеннен су алып, өртті сөндіруге әрекет етті", – дейді актриса.

Куәгердің айтуынша, жедел жәрдем мен құтқарушылар оқиға орнына тек 40 минуттан кейін ғана келген.

"Бұл аумақта тіпті ұялы байланыс та ұстамайды. Еркін аға ауруханаға хабарласу үшін Starlink спутниктік байланысын пайдаланды. Жарақат алған адамды жоғары көтеру өте қиын болды. Еркін аға үйінде бар барлық арқанды алып келді, біз бар күшімізді салып, әлгі кісіні сайдан шығардық. Оқиға орны алыс болғандықтан, құтқарушылар да, дәрігерлер де жедел жете алмады. Осы уақыттың бәрінде Санұржан қолдан келгеннің бәрін жасап, көмек көрсетуге тырысты, – дейді Айдана.

Сондай-ақ актриса журналистерді өз әрекеттерін хайп деп бағаламауға шақырды.

"Санұржан менен бәрін видеоға түсіріп алуым өтінді, өйткені бірдеңе болып қалса, дәлеліміз болсын деді. Қазір маған журналистер жазып жатыр, көпшілігі: "Мұны не үшін түсірдіңдер? Бұл хайп па?" деп сұрайды. Бұл хайп емес. Атақ-даңқты ойлайтын уақыт болған жоқ. Мұндай сәтте танымалдық емес, бір адамның өмірін құтқару маңызды екенін түсінесің", – деді Айдана Сахари.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандық актер АҚШ-та өртеніп жатқан көліктен адамды құтқарып қалғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 20:44
Талқылау