Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды алда жоғары инфляция мен теңгенің әлсіреуі күтіп тұр – Сарапшылар

Сарапшылар Қазақстанды алдағы жылдары теңгенің әлсіреуі мен жоғары инфляция күтіп тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Олар теңге бағамының ұзақ мерзімді әлсіреу бағытына бет алғанын және халық пен бизнес бұл жағдайға алдын ала дайын болуы керек екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Макроэкономика маманы Владислав Туркин Telegram-дағы MONETARITY арнасында теңге бағамы туралы болжам айтты. Оның айтуынша, теңгенің қай бағытта өзгеретінін болжауға көмектесетін маңызды көрсеткіштің бірі – Ұлттық банктің төлем балансына жасаған болжамы.

Төлем балансы дегеніміз – елге қанша ақша кіріп, қаншасы шығып жатқанын көрсететін есеп. Бұл нақты нарықтағы доллар мен теңгеге деген сұраныс пен ұсынысты көрсетеді, яғни жай ғана алыпқашпа сөздерге емес, нақты жағдайға негізделеді. Сол есепке қарағанда, жағдай былтырғыдан да нашарлаған. Бұл теңге алдағы уақытта доллармен салыстырғанда әлсірей беруі мүмкін екенін білдіреді.

Теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін екенін алдын ала білуге болады

Сарапшы Владислав Туркиннің айтуынша, төлем балансының болжамы арқылы алдағы жылдары теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін екенін алдын ала білуге болады.

Экспорт (елден шығатын тауар) алдағы жылдары азаюы мүмкін. Себебі мұнайдың бағасы түседі деген болжам бар. Бірақ Теңіз кен орнындағы өндіріс артып жатқандықтан, бұл жағдайды сәл жеңілдетуі мүмкін.

Ал импорт (сырттан келетін тауар) керісінше, көбейе береді. Себебі халық пен бизнес көп тұтынады. Ішкі өндіріс әлсіз, ал көп тауарды сырттан алуға тура келеді. Бұған қоса, үкіметтің экономикаға қолдау бағдарламалары да әсер етіп жатыр.

Нәтижесінде елге кіріп жатқан және елден шығып жатқан табыс арасындағы айырма теріс күйде қалады (яғни, шығын көп, табыс аз). Бірақ соған қарамастан, шетелдік инвесторлар көп табыс тауып отыр. Себебі мұнай мен металл бағасы өсіп жатыр. Бұл – Қазақстан шикізат саласына инвестиция салу жағынан әлі де тартымды ел екенін көрсетеді. Бірақ сонымен бірге елдің жалпы сауда балансына қатысты мәселе бар.

"Ұлттық банктің болжамына қарағанда, теңге алдағы жылдары күшейеді дегенге негіз жоқ. Керісінше, біртіндеп әлсірей береді. Ал бағам уақытша тұрақты болып көрінсе де, ол – ұзаққа бармайтын, қысқа мерзімді жағдай ғана", – деді Туркин.



Қазақстанды алда ұзақ мерзімді жоғары инфляция мен теңгенің әлсіреуі күтіп тұр

Freedom Holding Corp. компаниясының басшысы Тимур Турловтың айтуынша, мемлекеттік облигациялар нарығындағы жағдай халық пен инвесторлардың үкіметке және Ұлттық банкке деген сенімі азайғанын көрсетіп отыр. Яғни жұрт инфляцияны бақылап, теңге бағамын тұрақтандыра алады дегенге сенбейді.

"Қазір Қаржы министрлігіне 7 жылға 17% жылдық өсіммен қарыз бере аласыз. Бұл өте жоғары пайыз. Сонымен қатар, бізде кірістілік қисығы деген бар. Яғни, ақшаны қысқа мерзімге берсең де, ұзақ мерзімге берсең де, пайыздар шамамен бірдей. Бұл екі нәрсені білдіреді: Ұлттық банк инфляциямен күресе алмайды, нарық болашаққа мүлде сенбейді.

Сондықтан алдағы жылдары теңге әлсіреп, инфляция жоғары болады. Қазірдің өзінде жоғары болып тұрған пайыздар да инвесторларға аса тиімді болмауы мүмкін", –  деді ол ITS Ideas форумында.

Тимур Турлов кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа алда ұзақ мерзімді экономикалық тұрақсыздық болуы мүмкін екенін айтып ескерту жасады. Сондықтан, бұрынғыдай қаржы құралдары (мысалы, депозит, облигация) ақшаны құнсызданудан қорғай алмай қалуы мүмкін.

Актуалды валюта бағамы (айырбастау пунктерінде):

  • Доллар – 541.5 ₸
  • Евро – 630.5 ₸
  • Рубль – 6.65 ₸
STAN.KZ
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 15:16
Талқылау