"Бір күнде 150 мың теңге таптым": Қазақ қызы көркем жазуымен Dior мен Givenchy-дің назарын аударды
Фото: https://www.instagram.com/aruzhan_calligrapher/
Каллиграфия – ежелден бар өнер. Заман ағымына сай ежелгі қолжазба бүгінде заманауи эстетикалық жанрға айналып, қолданысқа енді. Аружан Төлепова – каллиграф. Ол көркем жазуының арқасында әлемге әйгілі брендттердің ашықхатын толтырып жүр. Ерекше сала иесі өзінің өнері мен табысына қатысты Stan.kz тілшісімен аз-кем әңгімелесті.
Аружан – Қызылорда өңірінің тумасы. Негізі мамандығы IT саласы болғанымен, көпшілікке көркем жазуымен танымал. Сөзінше, елімізде жазу өнері әлдеқайда қарқынды дамып келе жатқаны қуантады екен.
“Каллиграфия – қазақ қоғамында енді дамып келе жатқан жас өнердің түрі. Бұрын біз ол сөздің не екенін, каллиграфтың кім екенін көп біле бермейтінбіз. Ал қазір каллиграфия қолданылатын салалардың саны айтарлықтай артты. Егер бұрын каллиграфияны шетелдерде, шетелдік брендтердің жұмыстарынан ғана көретін болсақ, бүгінде Қазақстанның мектептерінде, отандық брендтерінде де оған деген сұраныс жоғарылап келеді. Жалпы, шақыру билеттерінде, жарнамаларда, түрлі ашықхаттарда каллиграфия кеңінен қолданылып жүр. Тіпті, қазір қарапайым адамдардың өзі бұрынғыдай романтиканы қайта жаңғыртып, сезімдерін цифрлық хабарламамен емес, қолмен жазылған хаттар, жүрек жылуын білдіретін әдемі каллиграфиялық жазулар арқылы жеткізетін болды. Бұл – қарым-қатынас мәдениетіне нәзіктік пен шынайылық қосатын әдемі үрдіс. Каллиграфия тек әдемі әріп жазу ғана емес, ол – өнер, стиль және рухани байланыс”, – деп бастады әңгімесін Аружан.
Сондай-ақ каллиграфияға әркімнің-ақ бар таласы, демек бұл кәсіпті кез келген адам үйрене алады деген сөз. Жазу өнеріне қызығып жатсаңыз, табыс табуға керемет мүмкіндік ашатын көрінеді.
“Каллиграфиямен кез келген ниеті бар, ынталы адам айналыса алады. Бұл өнер жас ерекшелікке де қарамайды. Жасы келген үлкен қария кісілер де меңгере алады. Жазуды үйренудің уақыты әр адамның өзіне байланысты. Қаншалықты жиі практика жасайды, қаншалықты уақыт бөледі, ынтасы қандай, соған қарай нәтижесі де тезірек келеді. Бұл өнерді үйрену үшін міндетті түрде сурет салуды білу, қолтаңбаның әдемі болуы сияқты ерекше қабілеттердің қажеті жоқ. Ең бастысы – қызығушылық пен шыдамдылық. Кез келген адам нөлден бастап каллиграфияны үйреніп, әдемі жазу өнерімен айналыса алады”, – деді каллиграф.
Фото: https://www.instagram.com/aruzhan_calligrapher/
Аружанның айтуынша, бүгінде көркем жазу өнері сән әлемінде, сондай-ақ визуалды коммуникация мен жарнамада маңызға ие. Бұл өнер түрін олар ерекше визуалды стиль қалыптастыру үшін пайдаланған.
“Маған әлемдік брендтерден ұсыныстар ең алдымен Instagram желісі арқылы түсті. Шынымды айтсам, каллиграфиямен айналыса бастағанда брендтермен серіктес болу мүмкін екенін өзім де ойламаппын. Бастапқыда оны жай ғана хобби ретінде көріп, жазған жұмыстарымды суретке түсіріп, Instagram-ға салып жүрдім. Кейіннен сол жұмыстарымды байқағаннан соң, біртіндеп француз үйі, BMW және басқа да танымал брендтер бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасай бастады. Тіпті кейбір клиенттерім маған "сарафан радио" арқылы келгендерін айтты. Осылайша, қарапайым әуестік ретінде басталған ісім бірте-бірте кәсіби деңгейге көтерілді”, – дейді жазу өнерінің маманы.
Бүгінде Аружан 100-ге жуық кәсіби каллиграфтарды даярлап шығарған. Айтуынша, көп адам жазуына көңілі толмағасын бұл салады үйренуге жүрексінеді екен.
“Бұл істі меңгеру үшін ешқандай ерекше қабілет немесе табиғи таланттың қажеті жоқ. Қолтаңбаның әдемі болуы да міндетті емес. Себебі каллиграфия – бұл бөлек қабілет, бөлек өнер, бөлек дағды. Егер сіздің жазуыңыз өте әдемі болса да, керісінше, жазуыңыз нашар болса да, бәрібір каллиграфияны нөлден бастап үйренесіз. Бұл өнерде бәрі бірдей деңгейден бастап, бірдей жолмен дамиды. Каллиграфия – кез келген адамның шыдамдылықпен, ынтамен меңгере алатын әсем өнер. Бүгінде 100-ге жуық шәкірт тәрбиелеп шығардым. Олардың дені өз жұмыстарын бастап, табысқа кенеліп жатыр”, – деді каллиграфия маманы.
Фото: https://www.instagram.com/aruzhan_calligrapher/
“Кедейге байлық, байға билік, биге әдемілік беретін өнер”
Қол еңбегі қашанда қымбат тұрады. Әлемдік брендтермен серіктестік орнатып, жұмыс істейтін каллиграф табысына қатысты да әңгімеестік.
“Ең қымбатқа бағаланған жұмысым құпия болып қала берсін. Өйткені көп жағдайда белгілі бір жобаларды жарияламау, екі жақтың құпиялылығын сақтау маңызды. Ал жалпы каллиграфиялық жұмыстарым туралы айтсам, ең жоғары бағаланған туындыларымның бірі – 150 мың теңгеге бағаланған каллиграфиялық картина. Қызмет түрлеріне келсек, олар да көбіне екі жақтың келісімі бойынша құпия сақталуға тиіс. Бұл – кәсіби этиканың бір бөлігі. Негізі, каллиграфияның Алла қалауымен маған берген нәрселері өте көп. Ең алдымен, ол – түрлі нығмет, ризық, сабыр мен көркем мінез. Каллиграфия жайлы жақсы бір сөз бар:"Кедейге байлық, байға билік, биге әдемілік береді". Бұл сөздің мәні терең. Мен үшін каллиграфия осының бәрін берді десем, артық емес”, – деп ағынан жарылды ол.
Каллиграф маманымен әңгімелескенде бұл өнер түрі сапаға мән беретінін түсіндік. Сапасына қарай бағалап, табысыңды арттыруға болады. Аружан сүйіп істейтін кәсібіне керек құралдарына ақша аямайтынын айтты.
“Алланың қалауымен, каллиграфия арқылы маған танымалдық та, қаржылық табыс та артты. Түрлі брендтермен серіктес болу мүмкіндігі де, абырой мен атақ та келді. Ал егер материалдық тұрғыдан айтсам, каллиграфиядан тапқан табысымның басым бөлігін өзімнің қажеттіліктеріме жұмсадым: кәсіби каллиграфиямен айналысу үшін соңғы үлгідегі iPad, каллиграфияға арналған сапалы бренд құралдары, қымбат дүниелерді сатып алдым. Сондықтан мен үшін каллиграфия – жай ғана өнер емес, рухани да, материалдық та берекенің көзі болды”, – дейді Аружан.
Айта кетейік, көркем жазу иесі болашақта да шәкірт санын көбейтіп, жазу өнерін жалғастыра бермек. Аружанның парақшасынан сан алуан жазу үлгісін көруге болады.
Фото: https://www.instagram.com/aruzhan_calligrapher/
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік