Қазақстандағы ең танымал өнер иелері Сивиге не сыйлағандарын айтты (фото,видео)
Күні кеше отандық шоу-бизнес өкілдері мен қазақ өнері майталмандарының басын қосқан Сиви дүркіретіп 30 жасын атап өтті. Шығыс стилінде өткен мерейтойға Stan.kz тілшісі де қатысып, Махмудидің қуанышына ортақтасып қайтқан болатын.
«Бұрындары дәл осылай туған күнімді дүркіретіп тойлауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені, жылма жыл босандым, оған көңіл бөлетін уақыт болған жоқ. Достарым ренжитін туған күніңді жасамайсың деп. Бүгін достарымның да, өзімнің де арманымды орындап жатырмын», – дейді Сиви ханым.
200-ге жуық адам шақырып меймандарға ақ дастархан жайған туған күн иесі бұл кешке 3 айдан астам уақыт әзірленгенін айтады. Мәселен, Халық әртісі Мақпал Жүнісова Сивиге гауһар тасты жүзік сыйласа, қонақтар әкелген гүл шоқтарының санында шек жоқ. Осы орайда Stan.kz тілшісі жұлдыздардың сыйлық ретін ұсынатын қаржылай ставкасын біліп көрді.
«Біз бүгін Асхат Тарғынов екеуіміз ұзақ ойландық. Екеуіміз қосылып бір зат алып береміз бе үйіне қойып қоятын. Соны көрген сайын Нұрекең мен Асхат алып келіп еді деп. Еске алып тұратын бізді деп ойладық. Содан кейін Асхат айтты ақшалай берейік. Сосын «Сиви өзіне керегін алады» деп. Бірақ айта алмаймын. Қалтаңда қанша бар соны бересің ғой. (күледі)», – дейді Нұрлан Еспанов.
Иә, Нұрлан мырза қанша әкелгенін жасырып, әуре-сарсаңға түсіп жатқанда, Еспановтың құпиясын Асхат Тарғынов ашып қойды. Сонымен, жұмбақ қылып жасырған жұлдыздардың ставкасы мынадай…
«Ешқандай құпиясы жоқ. Біреулер үлкен гүл әкеліп жатады. Көбінесе ақша жинаймыз ғой шыны керек. Әркім шамасы келгенше ақшалай сыйлық береді. Бірақ 100 доллардан төмен болмауы керек деп ойлаймын. Біреулер 200 доллардан береді», – дейді Асхат Тарғынов.
Сондай-ақ, Сиви Махмудидің мерейтойында жұлдыздар өзара жетістігін айтып жарысқа түсті. Мәселен, Музарт тобының әншісі Сәкен Майғазиев пен Құдайберген Бекіш орда бұзар жаста қандай биікті бағындырды дерсіз? Жауабын өздерінен сұрап көрдік.
«Мен өзімнің 30 жасымда қазақтың бағына біткен «Музарт» деген топтың мүшесі болдым. Сонымен мақтанамын. Алты алаштың аялы алақанында жүрдім, әлі де жүріп келе жатырмын. Құдайға шүкір, тура жолдан тайдырмасын. Шеңберден шығармасын. Тыңдарманның махаббатының арқасында өнерімізді паш етіп жүрміз», – дейді Сәкен Майғазиев.
«Менің 30 жасым есімде. Мен Қызылорда қаласындағы театрда «Айман-Шолпан» атты спектакльде Әлібек деген рөлді сомдағанмын. Сол сәтте қуанышымда шек болған жоқ. Осындай рөл ойнап, 30 жасымда өзіме сыйлық жасағаным есімде», – дейді Құдайберген Бекіш.
Бұл кештегі мәртебелі меймандардың тізімінде туған күн иесінің әкесі Махмұд мырза мен анасы Анар ханым да бар. Сивидің әке-шешесі бұл мереке үшін шет елден арнайы ұшып келгендерін айтады. Ауқатты отбасы қыздарының қалаған сыйлығын тарту етуге әзір екендерін жеткізді.
«Біздің Сиви өте тұйық қыз. Біздің үйге келеді, 2-3 сағат отырып бала-шағасымен кетеді. Осы тұрмысқа шыққалы біздің үйге бірде-бір рет қонып көрген емес. Күндіз келеді, кешке қарай қайтады. Ал, сыйлыққа келетін болсақ біз кез-келген сыйлықты алып беруге дайынбыз. Бірақ, өзі қалағанын айтамын деді», – дейді Сивидің ата-анасы.
Оқи отырыңыз:
Дастан Оразбеков жарын перзентханадан салтанатпен шығарып алды (фото, видео)
30 жасқа толған Сиви Махмуди дүркіретіп той жасады (фото, видео)
Майғазиевтің анасы ұяттан жұрдай болған “Қалаулым” қатысушыларына тоқтау салуды өтінген
Айсәуле Бақытбек: Былтыр отбасым да, жеке өмірім де ойран болды
Дастан Оразбеков ұлына Түркия президентінің есімін берді (видео)