Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билікте отырғандар мұсылман ба өзі?": Қазақстандықтар елімізде крематорий салуды қызу талқылауда

Жақында Нұр-Сұлтанда крематорий құрылысы басталады деген ақпарат лезде халық арасында таралып, қызу талқыға түсті. Жаңа нысанға 1,5 миллиард теңге бөлініп те үлгеріпті. Алайда тұрғындарының көпшілігі мұсылман болып саналатын Қазақстанда крематорий салу қаншалықты дұрыс? Крематорий туралы халықтың не ойлайтынын, дін мен жерлеу бюролары өкілдері бұл туралы не дейді? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

крематорий

Қазақстанда крематорий құрылысы жайлы сонау 1987 жылдардан бері айтылып келеді. Алайда сонша жыл ішінде ұмытылып кеткен мәселенің нүктесі осы жылы қойылды. Ел үкіметі коронавирус пандемиясы кезінде адамдардың денесін кремация жасау туралы ойлана бастаған сыңайлы. Өйткені бас қалаларда крематорийлер салу туралы жоспарланып қойған. 

Мәселен Алматыда крематорийі бар мәйітхана салу туралы шешім осы жылдың 9 сәуірінде қабылданыпты. Қазірдің өзінде тендер ойнатылып, ғимарат салынатын орын да дайындалған. Екі пеші бар крематорий Алатау ауданында салынбақшы. 

Адамдардың денесін өртеу - ертедегі Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың дәстүрі болған. Десек те Ислам діні бойынша мұндай жерлеу әдісі қарастырлмайды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының пікірін білген болатынбыз. Бірлестік өкілдері шариғатта адам денесін өрттеуге тыйым салынғанын алға тартады. 

"Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрделерін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін іс. Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады. Әрі Пайғамбарымыз қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Басқа хадисте Пайғамбарымыз  былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең». Яғни адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма құрметке ие.

Жалпы мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті, қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған.   Құран Кәрімде жерлеу үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған. Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат", - делінген мұсылмандар бірлестігінің хабарламасында. 

Алматылық жерлеу бюролары қазақстандықтар қазіргі таңда кремация жасау үшін Новосібір қаласына бару керектігін айтады. 

"Біздің елімізде тұрғындардың тек бір пайызы ғана марқұмның денесін кремациялауды жөн көреді. Ал жалпы славяндар да, мұсылмандар да туысының мәйітін жер қойнауына тапсырғанды жөн көреді. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, кремациялау - өте шығынды дүние. Екіншіден, мәйтті өрттеу халықтың дініне жат. Кім біледі, мүмкін крематорий салынуына байланысты сұранысты өсетін шығар", - дейді жерлеу бюросының өкілі. 

Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек крематорийдің салынуын қолдайтынын жеткізді. Сөзінше, мәйітті өрттеу арқылы жер мәселесінің болдыртпауға болады. 

"Өз басым, марқұмның денесін өрттеуді дұрыс деп ойлаймын. Мысалы былай алып қарасақ, ертеңгі күні қалалар кеңейсе, зираттарды сүріп алып тастайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мәселен, Шымкентте бірнеше жыл бұрын, жердің бетіне шығып қалған адамның сүйектерін көріп жағамызды ұстадық. Көпқабатты үй тұрғызу үшін молаларды бұзып алып тастаған. Ал егер адамның мәйітін өртейттін болса, мұнда жағдайлар орын алмас еді", - дейді Айгүл Орынбек. 

зират

Мәйіті өртенген марқұмның күлін көметін зираттар

Қазақстандықтардың көп бөлігі крематорий салуға қарсылық білдіруде. Әлеуметтік желіде адам мәйітін өрттеуге қарсы болғандардың жазбалары көбеюде. 

"Қазақстанның 70.4 %-ы Ислам (шамамен 13 миллионнан астам), 24,8 %-ы Христиан (4 миллионнан астам) дінінің ұстанушылары. Бұл екі дін де адам мәйітін өртеу қарастырылмаған.  Атеисттер, буддисттер мен басқа дін ұстанушыларының үлесі елімізде 5%. Шенеуніктердің крематорий салу туралы миға қонымсыз ұсыныстарын қолдап отырғандар да осылар. Ал енді екі қалада миллиардтап ақша жұмсап, марқұмдардың сүйегін отқа жағатын мәйітхана салудың не қажеті бар? Бұған қоса бұл крематорийға жыл сайынғы шығындарын өтеу үшін тағы миллион жұмсауға тура келеді", -дейді елорда тұрғыны Бақыткелді Ниязбеков. 

Желі қолданушылары крематорий салу туралы шешімді қолдамайтынын айтады. Сөздерінше, елімізде жер жетіспеушілігі жоқ бола тұра адамдардың мәйітін өртеу ақылға қонымсыз дүние. 

"Бізде крематорий салатындай қара жер аз ба? Оның орнына мектептер, бала бақшалар, қолжетімді баспана салған жөн". 

"Жапон елі салса түсінікті, оларда жер жоқ. Жер иесі қазақтарға керегі жоқ крематорий. Бұдан бас тарту керек".

"Билікте отырғандар мұсылман ба өзі? Қайдан көрген мұсылманды өртегенін? Алла сақтасын, хлорлап жүйелеседе, мәйітті жерлеу керек. Бұл шенеуніктердің ақша жеп, шығынды көбейтудің бір сипаты", - деп пікір қалдырыпты желі пайдаланушылары. 

Десек те крематорий салуды қолдап жатқандар да табылды. 

"Крематорий үлкен қалаларда болуы керек. Мысалы жақындары жоқ марқұмдарды бірге көме салады. Бұған қоса отадан кейінгі адамның қалдықтары бар. Кейбір адамдар өз денесін жерге көмуді қаламайды. Мысалы Бұрындайдағы зиратқа қанша жер бөлінгенін қарайықшы", - дейді Александра Кузина есімді желі пайдаланушысы.

"Қалада крематорий расымен салынуы қажет. Біреулер сүйектерінің жердің астына кетуін қалмайды", - дейді Александр Ляхов оқырман. 

Крематорий құрылысы еліміздің бюджетіне қымбатқа түсетіні сөзсіз. Бұған қоса халықтың көп бөлігі де бұл бастаманы құптамайтын сыңайлы. Ертең күні салуын салып алып, нысанның пайдасыз қалуына кім кепіл? Адам денесін өрттеуге тыйым салынған мұсылмандардың арасында жақындарының мәйітін кремациялауға келісетін тұрғындар табылады ма жоқ па, оны тек уақыт көрсетеді. 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау