Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы қашықтан оқыту студенттерге қалай әсер етіп жатыр

Қазақстанда пандемия басталғалы оқу орындары қашықтан оқуға ауысқаны бәріне белгілі. Тек мектеп оқушылары ғана емес, студенттер де дәстүрлі оқудан онлайнға ауысты. Бұл ретте шенділер болашақ мамандардың да жағдайын жасап беруі керек. Интернеті жоқ ауылда маман дайындау қаншалықты дұрыс, олар қандай білім алмақ? Бұл сұрақтарға Qazaqstan ұлттық арнасындағы "Мәселе" бағдарламасының тілшілері жауап іздеп көрді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Университеттер мен институттарды айтқанда сын тек онлайн оқумен шектелмейді. Мұны ел президенті де айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломды оңды-солды беретін ЖОО-ын жабу туралы тапсырмасынан кейін білім және ғылым министрлігі бірден 25 университетті лицензиясынан айырды.

Дегенмен қазіргі басты мәселе студенттерге қашықтан білім беру. Әлемдегі бірқатар университет онлайн оқытуды тәжірибеден өткізіп, сәтті жобалар жасаған. Ал Қазақстан сол дайын жобаларды қолдана ма, әлде отандық әзірлеме жасай ма, ол әзірге белгісіз.

Қашықтан оқыту қашықта жүрген студенттер мен оқушылар үшін оңай болмай тұр. Интернет іздеп тау-тасты аралап, үйдің шатыры мен ағаш басында жүргендері көп. 

"Онлайн оқу жүйесінде басында көптеген қиыншылықтар болды, ол дегеніміз: бейнемен сабақ өткенде, мысалы Zoom-мен, ауылдық жерде тұрғандықтан ғаламтордың жасамауы деген сияқты мәселелер туындады. Дыбыс естілмейді, дыбыс естілсе бейне көрінбей қалады", - деді Қ. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Сандуғаш Бектұрова.

"Бастапқы кезде қиын болды, өйткені мен ауылдық жерде туып, өстім. Бізде интернет сәл баяулау. Өте баяу десек те болады", - дейді Қ. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Асадбек Дадахан.

Шалғайдағы ауыл түгілі елорданың маңында тұратын студенттердің де жағдайы мәз емес.

"Мәселен, біздің астанадағы үлкен тұрғын үй кешендерінің жоғары қабаттарында желі ұстамайтын жағдайлар да кездеседі. Ол жерде тек Wi-fi керек", - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аружан Сапарғалиқызы.

"Мұғалімдер өзіміздің қасымызда болмағандықтан тақырыпты түсіну кішкене қиын болады. Кейбір кезде естілмей қалуы мүмкін, кейбір кезде мұғалімді дұрыс түсіне алмай қалуымыз мүмкін", - деді Еуразия ұлттық университетінің студенті Дархан Қадырқұл.

Қашықтан оқытудың ойдағыдай болмайтынына студенттер ғана емес ұстаздар да шағымданып жатыр.

"Қашықтан оқу өте қиын болып жатыр. Әсіресе, музыканттарға. Жалпы, бәріне де аса жақсы болып тұрған жоқ. Ауылдағылар қалай болып жатқанын білмеймін, қалада тұрып мен интернетті қуалап жүремін. Сөйлесіп жатқан кезде өшіп қалады, сигнал келмей қалады. Астанада сондай болып жатса, ауылда  қандай?", - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі Бағдат Сәмединова.

"Біресе дауыс естілмей қалады. У-шу, сөйтіп жатқанда біреулер кетіп қалады, біреулер шығып кетеді. Цифрлы Қазақстан деп қанша мақтансақта, интернет жүйесін біз әлі жолға қоя алған жоқпыз", - дейді "Тұран-Астана" университетінің доценті, экономист Жангелді Шымшықов.

Жұрт интернеттің проблемасын қашықтан оқу басталғалы айтып келеді, тақырып әлі өзекті. Ал білім және ғылым министрлігі ешқандай проблема жоқ екеніне сендіргісі келеді.

"Сауалнама негізінде интернеттің тапшылығы, әлсіздігі әрине бар. Олар 6000-нан аса студент. Бірақ олар жатақханаға келіп, интернетпен, техникамен қамтамасыз етіліп, оқу үдерісін бастап кетті", - деді ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше 2020 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99,3 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері 649 шалғай ауылға интернет қосылған. Жоспар бойынша байланыс операторлары жыл соңына дейін 1250-ден астам ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз етеді.   

Оқу сапасына келсек, президент тапсырмасымен министрлік тексеру жүргізіп, 25 ЖОО жұмысын тоқтатты. Ал бұл университтетдегі студенттер басқасына ауысып, оқуын жалғастыруда.

Айта кетерлік жайт, жақында елорда колледждерінде қашықтан оқытуды техникалық қолдау штабы құрылды. Олар қиындық көрген студенттерге техникалық көмек беруі тиіс. 

Жалпы, колледж болсын, университет болсын, көпшілігі қашықтан оқытуға ауысқан. Ал қашықтан оқытуға келмейтін зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту және кәсіптік практика кейінге қалдырылған. 

"Зертханалық жұмыстарды кейінге қалдырдық. Студенттер келгеннен кейін осы жұмыстардың барлығын қолмен жасайды. Міндетті түрде аяғына дейін жеткіземіз", - деді ҚазАТУ проректоры, профессор Айтжан Әбдіров.

Бұдан бөлек, студенттерді оқу ақысының өзгермеуі де мазалап отыр. Күніге бір рет жарты сағат өткен сағатқа неліктен миллион төлейміз деп шағымданды жастар. Кейбір ұстаздарды да осы мәселе қызықтырады.

"Ешқандай оқу ақысы кеміп жатқан жоқ. Сол қалпы. Көбісінің ата-аналары жұмыстан шығып қалды. Табыс бұрынғыдай емес қой. Ақылы оқитын балалар қаланың бір жерлерінде жұмыс істейтін. Студенттерге алғашқы кезде берді 42 мың, одан кейін 42 теңге де жоқ.  Біздің мемлекет расында дайын емес екен", - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі Бағдат Сәмединова.

Дайын болса да, болмаса да ЖОО оқу ақысын төмендетуге негіз жоқ дейді басқалары.

"Біз оқу ақысын төмендеткен де, көтерген де жоқпыз. Сол бұрынғы шартпен келе жатырмыз. Төмендетуге себеп жоқ. Сабақ жүріп жатыр, мұғалімдерге жалақысын төлеу керек", - дейді ҚазАТУ проректоры, профессор Айтжан Әбдіров.

Қорыта айтқанда қашықтан оқыту жүйесі студенттерге де, педагогтерге де оңай тиіп жатқан жоқ. 

Талқылау