Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шаңсорғыш пен қысқа толқынды пешті қоқыстан алдым": Қазақстандық фригандар қоқыстан не табуға болатынын айтты

Елімізде ерекше өмір сүру дағдысын ұстанатын тұрғындар пайда болуда. Өздерін фриганбыз деп атаған олар ысырапшыл қоғам болудан бас тартуға шақырады. Жаңа ағым өкілдері шектен тыс тұтынушылыққа жол бермей, қажет болған жағдайда азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды қоқыстан табады. Stan.kz тілшісі алматылық фригандармен тілдесіп, олардан фриганизм бағытының ерекшеліктері мен қиындықтары туралы сұрап білді. 

Фригандар қоқыстан тамақты ақшаның жоқтығынан емес, тұтынушы қоғамның мүшесі болғысы келмегендіктен іздейтіндерін айтады. Сөздерінше, өзіне қажеттісін тапқан соң, керек емесін достарына бөліп береді екен. 

Мәселен, өзін Диего деп таныстырған жігіт фригандықпен айналысқаныма осымен 6 жыл болды дейді. 

"Негізі қалай фриган болып кеткенім туралы айту қиын. Бірақ ең алғаш қоқыс жәшігінің маңынан, бұзылмаған, балғын бір қап қызанақ тауып алғаным есімде. Қазір айтайын, қоқыста жеуге жарамды қызанаққа өте сирек кезігесің. Ол кезде жасым 14-15-те болатын. Мұндай кездейсоқтықтан кейін қоқыста тағы не бар деген ой келді. Осылайша, қоқыс жәшіктерін қарап жүретін болдым.   

Фриганизмнің басты идеясы – тұтынушылар қоғамына қарсылық білдіру. Өз басым бұрын солай ойлайтынмын. Ал енді фриган болу – өте қызық әрі пайдалы қызығушылық деп ойлаймын. Бұл дүкен аралаумен бірдей, бірақ не тауып алатыныңды білмейсін", – дейді ол. 

"Қоқыста түрлі дүние табуға болады, оның ішінде киім-кешек, техника, ыдыстар да бар. Тағы бір қызық нәрсе – қоқысқа ұрланған сөмкелерді лақтырып кетеді. Олардың ұрланған екенін бірдей білесің, өйткені мұндай сөмкелерді құнды заттардан басқасының бәрі қаз-қалпында жатады. Осы кезде сөмкенің иесін іздеймін. Бір рет тіпті, сөмкедегі құжат арқылы оның иесін тапқан кезім де болды", – дейді алматылық жігіт. 

Өзім секілді фриган достарым жетерлік деген ол жақындарының бұл ісіне қарсылық білдірмегенін алға тартады. Оның үстіне туыстары Диегоның қоқыстан сан алуан  дүние тауып жүргенін көрген ешнәрсе айтпапты. Фриган жігіттің сөзінше, қоқыстан техниканы көптеп табуға болады. 

"Елімізде карантин басталғалы бері қоқыстарда тамақ қалмады десем қателеспеймін. Десек те техника мен тұрмыстық заттарды көптеп табуға болады. Мәселен, 2021 жылы мен жұмыс істеп тұрған, шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш (микроволновка - ред.) тіпті мультиқайнатқыш таптым. Сондай-ақ киім жиынтығын, USB колонка тауып алдым.  Менің ойымша, фригандардың барлығы "шамадан тыс қажет емес заттарды алмау қажет" деген ережені ғана ұстанады. Мысалы, біз бір чемодан киім тауып алсақ, оның ішінен тек қажеттісін керегімізге алып, қалғанын мұқтаж адамдарға қалдыруға тырысамыз. Мен мысалы, тауып алған мультиқайнатқышты алмай қалдырып, кеттім. Себебі менің үйімде мұндай құрылғы бар еді", – дейді Диего. 

Айтуынша, "жорыққа" шыққан кезде ол достарыммен кездесіп те қалады. Бұған қоса, ол қоқыс жәшіктерін аралауға арнайы уақыт жоспарламайды. 

"Өз басым бұл әдетіме жай ғана көңіл көтеру тәсілі ретінде қарағандықтан алдын ала уақыт белгілемеймін. 

Бір қызығы, қоқыстан тапқан азық-түлікті жеп, уланған жағдай болмады. Бірақ дүкендегі өнімдерді тұтынып, ауырып қалған кездерім болды. Мүмкін, бұған себеп біз дүкендердегі тауарларға сенеміз ғой, оны бұзылмаған деп ойлаймыз. Ал қоқыстағы азық-түлікті біз жіті тексеруге тырысамыз. Егер бірнәрсе күмән тудырса, оған жоламаймыз.

Фриган болудың ең қиыны – қоқыстан бағалы әрі қажетті бірақ ауыр зат тауып алған кез. Осы сәтте оны қоқыста қалдыруды немесе үйіне дейін арқалап баруды таңдау қиынға соғады", – дейді ол. 

Диего бірнеше қалада тұрғанын, мұнда да фригандықпен айналысқандығын айтады. Бұл қалалардың қоқыс қалдықтары ерекшеленеді дейді ол. 

"Мен фриган ретінде бірнеше қалада болдым. Олардың әрқайсысына тоқтала кетсем: Шымкентте бірнәрсе табу қиын, мұндағылар қоқысқа тек ескіріп, тозығы жеткен заттарды ғана тастайды. Бұл қалада ұялы телефон мен олармен байланысты құрылғылар көп таптым. Байқоңыр қаласы өте кішкентай, мұнда ешнәрсе таба алмайсың. Новосибирскте тұрмыстық техника көп қалса, Краснодарда қоқыстан жеміс көп табасың. Тіпті өте көп айтуға болады, мұнда жүріп, дүкеннен жеміс сатып алмай-ақ қойсаң да болады. Сочиде жеміспен қоса, көкөністер де көп қалады. Ташкентте киім көп, қалалықтар киімдерді бір сөмкеге жинап, қоқыс жәшігінің маңына қойып кетеді. Түркістанда қажетті дүние таппайсың, мұнда көбіне кәдесыйлар қоқыста жатады. Бәлкім, сатушылар өтпей қалған заттардан осылай құтылады.

Алматыда тепе-теңдік бар деп айтуға болады. Қала тұрғындарының жағдайы жақсы, мұнда басқа жердегідей бір заттың шектен тыс қоқыста толып жатқанын көрмейсіз. Тамақ көп, техника мен киімдер азырақ, бірақ нешетүрлі зат табуға болады. Мысалы, мен бір күні қоқыстың маңында тұрған үлкен рояльды көрдім, сондай-ақ, 20-45 келі гір тастарын да таптым. Бірақ, әрине, оның барлығын үйге алып барғаным жоқ. Шыны керек, қоқыстан синтезатор тауып алғым келіп жүр, бірақ әзірге жолым болмады" – деп ағынан жарылды ол. 


Тағы бір Даниил есімді алматылық фриган қоқыста киім-кешек көп жататын сөз етті. 

"Өзім фриган болғаныма екі жылдан асты. Ең алғашында, достарыма еліктедім, қоқыста не болатынын көргім келді. Кейіннен үйреніп кеттім. Алғашында қоқыстарды қарауға қатты қысылатынмын, кейіннен бәрібір болып кетті. Адамдар бұл әрекетіме біртүрлі қарайтыны бар, қазір оларға мән бермеймін. Мен үшін фриган болу деген заттарға екінші өмір сыйлау дегенді білдіреді. Көп жағдайда қоқыстан киім-кешек көп табамын. Тіпті жыртылмаған, жылы күртеше тауып алған кезім де болды. Достарым өздері де фриган болғандықтан, мені бірауыздан қолдады", – дейді жігіт.

Оның байқауынша, пандемия кезінде қоқыс қалдықтары айтарлықтай өзгермеген. Адамдар әлі де тым ысырапшыл деген Даниил іздеп барған затыңды табу қиынға соғатынын жеткізді. Сонымен қатар ол қоқыстан тапқан ең қызықты заттарды атады. 

фриган

"Фригандарға қатысты қандай да бір ереже, кодекс бар деп айта алмаймын. Әркімде әрқалай. Достарымызбен топ болып шығатын кезде болады. Тапқанымызды теңдей етіп бөліп аламыз, өзара таласып қалу болмайды. Бір күні осындай бір достармен қыдырып жүргенімізде, қоқыс маңынан бірнеше телефон, ойын приставкасын тауып алдық. Сол кезде қатты қуанғаным есімде. Фриган ретінде тәжірибемдегі ең бағалы заттар осы болды. Тағы бір күні, қоқыстан  Twix, KitKat, Mars сынды шоколодтар салынған бір қап тауып алдым. Бұл да ең табысты жорығымның бірі болды", – дейді ол. 

Сондай-ақ ол қала тұрғындарына жүгінді.

"Қоқыстан тапқан тағам өнімдерін жеп уланған кездерім болмады, ауру жұқтырып аламын деп қорықпаймын. Мұнда өзіне қажет деген нәрсені табу қиын, бұған дейін айтқанымдай, не тауып алатыныңды білмейсің. Соңғы рет екі апта бұрын қоқыс жәшіктерін қарағанмын.

Негізі қоқыстан киім көп табасың. Оның тең жартысы, жыртылмаған, ескірмеген киімдер. Осыған орай, тұрғындарға қажетсіз киімдерді қоқысқа лақтырмай, балалар үйіне өткізсе игі болар еді дегім келеді", – деді Даниил. 
Талқылау