Құны 9 миллионнан басталып, толық қуатымен 500 шақырым жол жүреді: Қазақстан электромобильдер нарығында қандай көліктер бар
Соңғы жылдары әлемде, соның ішінде Қазақстанда да электромобильдер нарығы кеңейгенін байқауға болады. Reuters басылымының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында электр моторлы көліктердің сатылымы 34%-ға артқан. Ал 2021 жылы Қытай электромобильдер экспортын 260%-ға көбейтіп, электрлі көліктер шығару бойынша АҚШ-пен Германияны басып озды. Stan.kz тілшісі еліміздегі электромобильдер нарығына шолу жасап, тоқ көзін тұтынатын көліктерді сараптап көрді.
Электромобильдер нарығының жандана түсуіне не себеп?
Қазіргі таңда әлем елдері экологияға келетін зиянды сараптай келе жанармай тұтынатын көліктерден бас тарту мәселесін қолға алды. Осылайша Еуропада мемлекеттер жаңа экологиялық норма енгізіп, 2035 жылға қарай автоөндірушілер дәстүрлі іштен жанатын қозғалтқыш (жанармай тұтынатын қозғалтқыш – ред.) орнатылған көліктер шығаруды тоқтатуы керек.
Жаңа стандартқа сәйкес, еуропалық көліктер мен коммерциялық техника ауаға зиянды заттар шығармауы керек. Дегенмен жанармай орнына сутек қолданса, көліктерге іштен жанатын қозғалтқыш орнатуға рұқсат беріледі.
Халықаралық энергетика агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылы нарықтағы электромобильдер үлесі небәрі 4%-болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 18% болады деп болжанған. Ал 2022 жылы электромобильдер сатып алу үшін жұмсалған шығын 425 миллиард долларға жетіпті.
Қытайдың электромобильдер нарығында көш бастауы Азия елдеріне де оң әсер етті. Себебі Азия халықтары қолжетімді бағада электромобильдер сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне электромобиль өндіретін зауыттар санының артуы да электр моторлы көліктердің арзандауына әсерін тигізді.
Қазақстандағы электромобильдер нарығы қандай?
2022 жылдың наурызынан бастап елімізде электромобильдер сатылымы күрт өсті. Energyprom.kz сайтының дерегіне сүйенсек, соңғы жылы электр моторымен жабдықталған көліктер саны 631-ден 1900-ге өскен. Ал 2022 жылдың желтоқсанында, 1 айдың ішінде Қазақстанда 531 “экологиялық таза” көлік тіркеліпті. Сондай-ақ тоқ көзін қажет ететін автокөліктердің көбеюіне байланысты қалаларда көлік қуаттайтын станциялар да көптеп ашылды. Алматы қаласында 2GIS мәліметіне cүйенсек, осындай 59 орын бар екен. Олардың басым бөлігі тегін.
Электромобильдерге деген сұраныстың артуы Қазақстанда шетелден көлік тасымалдаумен шұғылданатын компаниялардың көбеюіне алып келді. Бүгінгі таңда мұндай компаниялар клиенттерге көліктердің әртүрлі нұсқасын ұсынып отыр. Қазақстанда танымал электромобиль модельдерінің қатарында Tesla, Zeekr, BYD, HiPhi және т.б. бар. Сонымен қатар Mercedes-Benz, BMW, Toyota, Honda, Кіа сынды өндірушілер де өз электромобильдерін көпшілікке таныстырды.
Tesla
Tesla компаниясы тұтынушыларға бірнеше көлік моделін ұсынады. Олардың қатарында Model 3, Model S, Model Y, Model X бар. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын көпшілікке ең жылдам Model S Plaid моделін таныстырған еді. Алдағы уақытта жаңа Cybertruck жаппай сатылымға шығарылады.
Tesla өз көліктеріне асинхронды, 4 полюсті, сұйықтықпен суыту жүйесімен жабдықталған қозғалтқыштар орнатады. Дегенмен көліктердің моделіне қарай қуаты да әртүрлі.
Мысалы, Tesla Model 3 –тің сипаттамасына көз жүгіртсек, Standard Range деп аталатын моделі қуаты 200 кВт болатын мотормен жабдықталған және 275 аттың күшін береді. Толық қуатымен көлік 354 километрді еңсереді. Бұдан бөлек қос электр мотормен жабдықталған Long Range AWD және Long Range Performance модельдері 496 шақырым жолды жүріп өтеді.
Tesla Model Y көпшілікке 4 модельде ұсынылған. Бастапқы Standard Range толық қуатымен 370 шақырым жүріп өтсе, Long Range RWD нұсқасының қуаты 480 шақырымға жетеді.
Tesla Model X 70D моделі 245 кВт қуаты бар электр моторымен жабдықталған. Көліктің қуаты 417 шақырымға жетеді. Ал ең қуатты Р1000D моделі 542 шақырымды еңсере алады.
Tesla автокөліктеріне литий ионды батареялар қойылған. Әдетте көлік 265-800 шақырым жол жүрген соң қуаттауды қажет етеді. Жылдам қуаттау функциясы бар станцияда көлік 1 сағат қуат алса, қарапайым станцияда кем дегенде 8 сағат қуатталады. Ал тұрмыстық 220 Вт розетка арқылы Tesla-ны қуаттау уақыты 15 сағат болады.
Zeekr
Қытайлық Zeekr автокөліктері соңғы жылдары ТМД елдері аумағында сұранысқа ие. Электромобильдің үш моделі бар: Zeekr 001, Zeekr X, Zeekr 009.
Zeekr 001 544 аттың күшін беретін электр мотормен жабдықталған, ал толық қуатымен көлік 606 шақырым жолды жүріп өтеді. Батареясының сыйымдылығы 100 кВт сағатына.
Zeekr Х көлігінің қуаты 560 шақырым жол жүруге жетеді. Модельге 66 кВт болатын батарея орнатылған. Zeekr Х-тің екі нұсқасы бар: артқы жетекті және толық жетекті. Толық жетекті нұсқасына орнатылған мотор 428 аттың күшін береді.
6 орынды Zeekr 009 моделінің толық қуаты 822 шақырым жол жүруге арналған. Көлік толық жетекті, 544 аттың күші бар.
Kolesa.kz ақпаратына сүйенсек, Zeekr көліктерінің бағасы Х моделі үшін 11,7 миллион теңгеден басталады. Ал 001 моделінің құны орта есеппен 18 миллион теңгеден басталып, 32 миллион теңгеге дейін жетеді. Zeekr 009 моделінің бағасы – 34-48 миллион теңге аралығында.
BYD (Build Your Dreams)
Қытайлық BYD компаниясы электр моторлы көліктердің бірнеше моделін сатылымға шығарды. Соның ішінде BYD HAN көлігін Tesla Model S-тің тікелей бәсекелесі деп атайды. Автокөліктің қуаты 550-605 шақырымға жетеді, артқы және толық жетекті екі нұсқасы бар. Көліктің құны 35 мың доллардан басталады.
Ал BYD TANG EV электр кроссовері жеті орындық. Толық қуатымен 505-565 шақырым жол жүреді. Көліктің бағасы 77 мың доллардан басталады.
BYD Song Plus кроссоверінің қуаты 505 километр жол жүруге жетеді. Тек артқы жетекті нұсқасы бар. Құны 30 мың доллардан басталады.
BYD көліктерін қуаттау уақыты 74 минут пен 11 сағат аралығында.
HiPhi
2023 жылы көпшілікке таныстырылған футуристикалық HiPhi Z электромобилі екі мотормен жабдықталған. Ал толық қуаты 705 шақырымға жетеді. Толық жетекті HiPhi Z-тің максималды жылдамдығы 200 км/сағ. Электромобильде 672 аттың күші бар, батареясына 5 жыл немесе 120 мың шақырымға кепілдік беріледі.
Ал 6 орындық HiPhi X пен HiPhi Ү-тің қуаты 560 шақырымға жетеді. HiPhi X толық жетекші болса, HiPhi Ү артқы жетекті.
Қазақстанда HiPhi көліктерінің бағасы 25,6 миллионнан басталып, ең қымбаты 51 миллион теңгеге жетеді. Бағасы көліктің жиынтығы мен моделіне қарай өзгеріп отырады.
BMW, Audi, Mercedes-Benz бен Volkswagen-нің электромобильдері
Әлемге белгілі автоконцерндер жаңа экологиялық стандарт қабылданған соң электр моторлы көліктер шығаруды жолға қойды. Қазіргі уақытта BMW, Audi, Mercedes-Benz, Volkswagen сынды алпауыттар ұсынған электромобильдер Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие.
BMW-нің i модельдер легі электрокөліктерге арналған. Елімізде і3, і4, і7, і8, іХ, іХ3 секілді модельдері бар. Ал бағасы 17 миллион теңгеден басталып, 105 миллион теңгеге дейін жетеді.
BMW электромобильдерін қарапайым тұрмыстық розеткада қуаттау үшін 15 сағат уақыт керек. Ал үш фазалы BMW i Wallbox желісімен небәрі 3 сағатта қуатталады. Ресми дилерлер ұсынған мәліметке сенсек, көліктің батареясын 10%-дан 80%-ға дейін 40 минутта қуаттауға болады.
Audi концерні 2033 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер өндірісін толығымен тоқтатпақ. Ал 2026 жылдан бастап жаңа модельдер тек электрмобильдер болады екен. Қазірдің өзінде Audi 10-нан аса электрмобиль моделін сатылымға шығарды. Олардың қатарында Audi e-tron, Audi Q8 e-tron және т.б. бар. Орта есеппен электромобильдер 220 Вольт розеткадан 10 сағат қуатталады.
Mercedes-Benz маркасының электрмобильдері "EQ" легімен шығады. Ең бірінші EQC моделі таныстырылып, кейін электромобиль модельдерінің саны 11-ге жетті. Қазақстанда Mercedes-тің электр моторлы көліктерінің бағасы 20 миллион теңгеден басталып, 120 миллион теңгеге жетеді.
Mercedes-Benz электромобильдері толық қуатпен орта есеппен 400 шақырым жүреді. Ал жылдам қуаттау функциясы бар станцияда көлік бар болғаны 40 минутта 70%-ға қуатталады.
Volkswagen электромобильдерін де Қазақстан жолдарынан жиі байқауға болады. ID 3, ID 6, ID 4 модельдерінің құны елімізде 9,4 миллион теңгеден басталады. Ал ең қымбат нұсқасы – ID 6 құны 22 миллион теңге шамасында.
Volkswagen электр моторлы көліктері толық қуатпен 400-500 шақырым шамасында жол жүреді. Батареяны қуаттау үшін 6,5-10,5 сағат керек. Жылдам қуаттайтын станцияда жарты сағатта батареясы 290 шақырымға жететін энергия жинайды.