Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен адамдарды жақсы көретінімді түсіндім": Жиһанкез Андрей Алмазов қалай буддист атанғаны, Қазақстандағы буддизм жайлы

Андрей Алмазов - қазақстандық танымал журналист, жиһанкез, альпинист "7 вершин", "7 вулканов", "Снежный барс" жобаларының қатысушысы, "Корона Европы" бірегей жобаның авторы. Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері отандастармызды түрлі шыңдарға апарып-алып келумен айнлысады. Өмірінің белгілі бір кезеңінде буддизмге келген Андрей оның мәнісі, берері және басқа діндерден ерекшелігі туралы Stan.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

- Буддизмнің христиан дінінен немесе исламнан қандай үлкен айрмашылығы бар?

- Қатты ерекшеленеді деп айтар едім. Буддизмнің ең үлкен айырмашылығы - сенің жеке бақытың тек қана саған байланысты, сонда жатыр. Бұл мен ұстанатын ілімнің басқа діндер мен басқа теологиялық ілімдерден ең қатты ерекшелейтін дүниесі. Ал басқа діндерде әдетте біздің өміріміз Жаратушыға байланысты. Буддизмде жаратушы жоқ. Сенімен болып жатқан дүниелер, ішіндегі нәрселер - бәрі сенің ойыңа, сөздеріңе, іс-әрекеттеріңе байланысты. Буддизм бойынша, әркім өз бақытын жасаушы болғандықтан, дұғалар жоқ, біз ешкімді ештеңе туралы сұрамаймыз. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын Будда тастап кеткен әдістерді пайдаланамыз. Будда - Құдайдың баласы немесе пайғамбар болмаған. Оның сана-сезімі ерекше деңгейге жеткен, ол деңгейде адамның жаны тыныш табады, бақытқа бөленеді, отбасында, қоғамда, қоршаған ортада да барлық қызметін атқарады. Буддизм сонысымен мені қызықтырды.

Буддизм шындап келгенде, дін імес, ол ақыл, сана-сезім туралы ілім. Тіпті тибет тілінде де, санскритте де буддизм деген сөз жоқ. Сонымен қатар дін деген сөзге ұқсас ешқандай сөз жоқ. Сондықтан буддизмді басқа діндерге қосуды дұрыс деп айта алмаймын, ол христиан дінінің мұрасы. Батыс бірінші рет буддизммен бетпе-бет келгенде ол туралы және көктің астында жүре тұра Құдайсыз қалай өмір сүруге болатыны туралы түсінбеген. Буддизм - өз өміріне жауапкершілікті өзі алып үйренген, ізденуден шаршамайтын адамдар үшін.

Әрине, буддизмде де дегенмен діннің сыртқы атрибуттары бар. Дін ретінде де қарастырсақ та, мысалы исламда немесе христиан дінінде бізден жоғары Жаратушы бар, оның періштелері және антагонист ретінде шайтан бар. Бұл сенімге негізделген діндер. Және тәжірибеге негізделген діндер бар. Онда сен өмірдегі әртүрлі құбылыстардың табиғатын түсіну сенің іс-әрекеттеріңе, қандай практикалар жасайтыныңа байланысты және өз өмірлік тәжірибең арқылы үйреніп, саған не пайдалы, не зиян екенін түсінесің. Сондықтан буддизмді дінге жатқызсақ, ол даосизм, конфуцианство сияқты Қиыр Шығыстың тәжірибеге негізделген діндері.

- Сонда христиан дінінде немес исламда, яғни дәстүрлі діндерде сіз не іздеп, нені таппадыңыз?

- Ештеңе таппадым, себебі ештеңе іздемедім. Мен бақытты болғым келген, бақытты болу үшін діндар болу керек емес. Этникалық орыс бола тұра, отбасымызда ешқашан дінді ұстанған емеспіз. Қазір анам қартаяр шағында ғана ойланып жүр. Мен кездейсоқ па, жоқ бұйырып тұрды ма, буддизммен кездестім. Өзін буддист деп атайтын адамнан буддизм деген не деп сұрағанда, маған терең, жан-жақты жауап берді. О, керемет дедім, маған келетін сияқты. Қазіргіден бақытты болуым үшін не істеуім керек деп сұрадым, сол бағыт-бағдар бойынша жүрдім. 

- Қазақстанда жалпы буддистер көп пе?

- Жоқ, көп емес, меніңше буддизмді түсінетін, бұл ілімді ұстанатын Қазақстанда ары кетсе мың шақты адам бар. Егер одан да көп болса мен, әрине, қуанамын, себебі мен кездестірген буддистер - өте тереңойлы адамдар, жауапкершілігі мол азаматтар. Біздің елде, әлемде жауапкершілігі мол адамдардың көбейгеніне тек қуанамын, ол үшін міндетті түрде буддист болып керек емес. 

- Ал буддизмге тереңірек үңілгісі келетін азаматтар бізде қайда бара алады?

- Буддалық храмдар - ол жәй сыртқы атрибуттар, тіпті храм деген сөздің өзі батыстан келген. Ал негізі бұл мінажат ететін орын деген дұрыс болар. Тибет тілінде "гом па" деген сөз бар, ол "үйрету" деген мағынаны білдіреді, яғни санамызды осы мезетте, осы жерде болуға үйретеміз. Бұл қасиет өз кезегінде батылдық, даналық, жанашырлық, қуаныш сияқты қасиеттердің пайда болуына алып келеді. Сондықтан санамыз "осы мезетте, осы жерде болғанда", біз кез-келген жағдайда бақытты бола аламыз. Оған "арнайы орын" керек емес. Бірақ корейлік буддистер - вонг-буддистерге - келсеңіз, храмға ұқсас арнайы орындары бар. Ал буддимзнің Карма-Кагью бағытында бүкіл әлем бойынша буддалық орталықтар бар. Кейде ол жалға алынған, кейде меншіктегі замануи ғимарат немесе жер үй болуы мүмкін. Барлығы келушілерің саны мен мүмкіндіктеріне байланысты.  Буддизммен кездескісі келген адам буддалық орталықтарға келіп, қажетті ақпарат, өзінің санасымен жұмыс істеу әдістерін, медитация арқылы, ала алады. Үйренеді, ұнатып жатса, орталыққа жиі келеді. Егер қаламаса, әрі қарай өмірде өз жолын іздейді. Тіз тек тілекшіміз. 

- Медитациямен міндетті түрде бірге айналысу қажет пе?

- Медитациямен жеке өзіңіз де, бірге де айналыса бересіз. Көпшілікпен медитациямен айналысқанның бір жақсы жері - саналы түрде көп адаммен бір нәрсе жасасаңыз, оның нәтижесі көзге тез көрінеді. Буддалық орталықта да, өз үйіңізде де жеке айналыса берсеңіз болады. Біз, алматылықтар керемет адамдардан жарық, кең пәтерді жалға аламыз, олар немен айналысатынымызды біледі, ешқандай проблема жоқ. Көршілер де түсіністік танытады. Ол пәтерді Карма-Кагью бағытын ұстанатын бірнеше азамат қосылып жалдаймыз.

- Буддизмге қызығушылық танытқан азаматтар қайда бара алады? 

- Мен білмеймін (күледі - ред.). Әрдайым іздену керек, көру керек, адамға өзіне келе ме, келмей ме, түйсігінен өткізу керек. Салыстыру керек. Буддизм - үлкен ілім, бағыттары көп. Буддизмге әртүрлі себептермен келеді. Мен, мысалы, ешқашан буддист болғым келген жоқ. Мен бір адамды кездестірдім, буддизмге қызықтым, сөйтіп буддистке айналдым. Өмірімде бірнәрсе өзгерту керек екенін біліп жүргем. Жақсырақ болғым келді. Өмірде жақсы адам болудан асқақ мақсат жоқ. Ал білімін ары қарай дамытқысы келсе, ғаламтордан оқып, біздің бағыт қызықтырса, Алматыдағы Карма-Кагью бағытының дәстүрлері деп іздесе элпектронды пошта, телефон нөміріміз шығады. 

- Ал сіз үшін буддизм не? Буддист атанғаннан кейін қандай өзгерістер болды?

- Мен үшін дұрыс мағынаға толы. Бұл жай сырт көз үшін де, ішіне терең үңілген адам үшін де табылатын нәрсе. Мен адамдарды жақсы көретінімді түсіндім, оған дейін жақсы көрмеймін деп ойлайтынмын. Ал адамдарды жақсы көретініңді түсінгенде, бұған дейін жасамаған нәрселерді жасуға дайынсың. Сен өзгелерді бақытты қылатын, ал өзіңді кез-келген жағдайда пайдалы қылатын өз бойыңда ұмтылған немесе бұған дейін ашылмаған қырларыңды ашасың. Мен қорқыныштарымның біразынан арылдым, адамдарға деген ілтипатым артты - бұл да аз емес. Абсолютті бақытқа әлі жетпедім, бірақ жолындамын, бақыт деген ол - үлкен жол. Басқалар үшін көп жасаған сайын өзіңді бақыттырақ сезінесің.

- Практикаларға күніне қаншалықты уақыт бөлесіз?

- Мен күніне медитацияларға кем дегенде жарты сағат бөлуге тырысамын. Сондай-ақ күніне бірнеше рет мантраларды қайталаймын. Басқа іспен айналысып отырып мантраларды қайталауға болады. Сол арқылы аузымнан шыққан сөзімді тазалап, барлық тіршілік иелеріне бақыт тілеймін. Таңертең оянғаннан кейін бұл күн мағыналы болсын, қолымнан келгенше пайдалы істер жасайын деген ниетпен оянамын. 

- Өзіңізді қаншалықты сана-сезімі оянған адамдарға жатқыза аласыз?

- Оны мен бағалай алмаймын. Бірде-бір оянған адам өзі туралы олай айтпайды. Бірақ "оянған" адамдар сырт көзге білініп тұрады. Ал сыртынан ол қасиеттері бар адамдар ғана көре алады. Бір-бірінен үйренеді. Ниеті бар адамдар әрдайым бір-бірін "оятуға" жетелейді. 

- Қазіргі Қазақстан территориясында буддалық ескерткіштер сақталған дейді. Бұл қаншалықты рас?

- Тек Қазақстанда ғана емес. Буддизм ежелгі Үндістаннан таралған. Ал қазіргі Қытайға ол Орта Азия арқылы келген. Одан кейін Грек-Бактрийлік хандық (онда негізгі дін болған) арқылы тарала бастаған. Б.д.д. бірінші мыңжылдықтың аяғы мен біздің дәуіріміздің І мыңжылдықтың басына жататын ескерткіштер қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және бізде Жетісу территориясында, Талдықорғанның маңында Андреевка атты елді мекенде сақталған. Жоңғарлармен байланысты көп тарихи ескерткіштер де бар. Шымалғаң мен Қаскелең сияқты топонимдерден басқа, Тамғалыдағы Іле Буддасы деп атанып кеткен тасқа қашалған суреттер сақталған. Текелінің маңында да тибеттік буддизмге жататын белгілер бар. Шығыс Қазақстандағы жоңғарлар салған аблайкит бар. Бұл буддизмді тану ғылымының негізін қалаған орын. 

- Сізді буддист екеніңізді естігенде жұрт таңғалмай ма? Сектант деп атамай ма?

- Егер сенің ісің мен сөзің, ұстанып жүрген ілімің, дінің бір жерден шықса, онда ешқандай мәселе туындамайды. Бір шетінен бізде көңілге қарау (политкорректность - ред.) деген бар. Бәлкім сектант, дінінен бас тартқан деп атағысы келетін шығар, исламда тіпті Құдайға сенбеу үлкен күнә болып есептеледі. Бірақ толеранттылық кедергі етеді. Бәлкім мен қателесетін шығармын, дұрыс та қабылдайтын шығар. Мен кез-келген адам үшін ашықпын, не үшін буддист атанғанымды түсіндіре аламын. 

- Андрей, сіз белгілі альпинист, саяхатшысыз. Адам баласы қалай өзін қиын сынақтарға, биік шыңдарға жетелей алады?

- Өзіңді-өзің ынталандыру керексің, қайда екеніңді түсініп, бірдеңе өзгертуге ықылас болу керек. Мен үшін орныман тұрып, қозғалу ешқашан проблема болған емес. Саяхат деген сіздің "қолайлық аймағыңыздан" шыққанда туады. Біз не үшін саяхаттайтынымызды түсінуіміз керек. Сонда күш-қайрат та табылады. Пандемияға деген керемет уақыт болды, бірақ біразымыз оны бағаламады. Ал қазір кез-келген уақытта саяхаттай алатын уақыт аяқталды. Қаласақ та ешқайда шыға алмаймыз. Бірақ біз өзіміз өз бақытымызды жасай алатынымызды түсінуіміз керек. Қазір отбасымызға, жұмысымызға, кәсібімізге жіті назар аудара аламыз. 

- Ең есте қалған саяхатыңыз қайда болды?

- Барлық мен бағындырған шыңдар, жасаған саяхаттар маған бірдей қымбат. Дегенмен алғаш рет 7000 метр биіктікке шыққаным ерекше есте қалды. Ол - Тәжікстандағы Евгения Корженевская шыңы еді. Ол саяхат оңайға соққан жоқ, бірақ іштей өзіме көңіл толып, енді мен 7000 метр биіктіктерді бағындыра алатынымды түсіндім. Барлық саяхаттар өзінше керемет, әрқайсысы өзіндік эмоциялармен, оқиғалармен есте қалды. 

- Андрей, қазір ішкі туризмнің уақыты келген сияқты. Оны дамыту үшін қандай кеңес бересіз?

- Бұл ауыр сауал біз үшін. Бізде керемет туристік ресурстар бар, бірақ ол ресурстарды қалай пайдалану туралы еш түсінік жоқ. Ондай түсінігі бар адамдарға шешім қабылдайтындар ешқашан құлақ аспайды. Бір ғана ұлттық парктердің маңындағы дау-дамайды еске алсақ жеткілікті. Мемлекет меншігіндегі ұлттық парктерді жалға алып, шлагбаумды орнатып, сол үшін ақы алғысы келеді - ол бізге тән бизнес. Мұны "туризм" деп атайды. Сондықтан ешқандай кеңес бере алмаймын. Тек тауларды бағындырғыңыз келсе, кәсіби гидпен барыңыздар. Себебі ол жолды көрсетіп, тарихын баяндап қана қоймай, сіздің өміріңіз үшін жауапкершілік алады деген кеңесім бар. 

- Андрей, керемет сұхбатыңызға рахмет! Бағындырар шыңдарыңыз көп болсын!

 

Сұхбатты алған: Жанар ЖАНСЕЙІТ

Талқылау