Қазақстандағы әуе компаниялардың қызмет құны 27 пайызға өсті
Биыл қаңтар-шілде айларында Қазақстанда әуе компанияларының табысы 276,8 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 189,2 млрд теңгені құраған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Finprom.kz мәліметінше, 270,6 млрд теңге сомасындағы негізгі кіріс барлық бағыт бойынша жолаушылар тасымалы есебінен болды. Тағы 6,2 млрд теңгесі жүк тасымалына тиесілі. Көлікті жалға беруден түскен кіріс 3 млрд теңгені құраған.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде әуе көлігін 5,8 млн адам пайдаланған. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 12,8 пайызға көп. Шілде айында 1,2 млн адам тасымалданып, былтырғыдан 7,3 пайызға артық болды.
Жолаушы тасымалының басым бөлігі Алматыға тиесілі, яғни 4 млн адам әуе көлігімен сапарға шықты.
Сонымен қатар, ұшақпен 12,7 мың тонна жүк тасымалданып, бір жылғы деңгейден 36,1 пайызға аздау болды. Ал шілдеде ұшақпен 2,4 тонна жүк жеткізіліп, маусым айына қарағанда 8,8 пайызға өсті.
"2022 жылғы шілденің қорытындысы бойынша жолаушыларға арналған әуе команияларының қызметтері жыл ішінде 26,6 пайызға өсті. Қызмет көрсету құнының едәуір өсуі Түркістан (56,8 пайызға), Жамбыл (46,7 пайызға), Шығыс Қазақстан (44,5 пайызға) облыстарында тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысында қызмет құны өзгермегеген, сондай-ақ Ақмола облысында 8,7 пайызға, Қызылорда облысында 8,8 пайызға, Павлодар облысында 17,7 пайызға арзандады", – делінеді таратылған ақпаратта.