Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жетімдер үйінің саны азаюда: Қарағанды облысында екі бірдей жетімдер үйі жабылды

Қарағанды облысында екі бірдей жетімдер үйі жабылды. Себебі облыста балаларды асырап алғылары келетіндердің саны күрт артқан. Шенеуніктер бұған патронат болу бағдарламасының ықпалы болғанын айтады. Өйткені әр жетімге пана берген отбасына бюджеттен арнайы жалақы төленеді. Оған қоса, асырап алынған балаға да ай сайын жәрдемақы алып отырады. Ал өңірде мыңнан астам отбасы сәби асырап алу үшін кезекте тұр. Дегенмен, ананың алақанын сағынған 438 бала жетімдер үйінде болашақ ата-аналарын күтіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

асырап алу

Қарағанды облысында балаларға пана мен жылулық сыйлайтындар жандар көбейген. Қазір кезекте мыңнан астам жетім баланы асырап алғысы келетіндер кезекте тұр.  

"Соңғы үш жылда жетімдер саны 46 пайызға азайды. Бала саны азайғандықтан екі балалар үйін жауып жатырмыз. Келешекте балалар үйі деген болмайды", – дейді Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Ольга Токубаева.  

Облыста 286 бала асырап алынған. Өзге отбасында тәрбиеленіп жатқан жеткіншекке 30 мыңға жуық ай сайын жәрдемақы төленеді. Ал оларды асырап алған ата-анаға білімдері мен жұмыс өтілдеріне байланысты 60 мың теңгеден бастап ай сайын жалақы төленеді.  Мұндай отбасының бірі Саболевскийлер әулеті. Олар бала асырауды осыдан он жыл бұрын бастаған. Қазір жанұяда алты бар. Келешекте тағы да үш баланы асырап алғылары келеді.

"Әр баланы асырағанда оның ұлтына немесе жасына қарамаймыз. Баламен танысқанда, жақсы байланыс орнатсақ, асырып аламыз.  Әр балаға жәрдемақы аламыз. Тәрбиеші ретін де жалақы аламыз. Балаларды барлық дүниемен қамтамасыз етуге жеткілікті", – дейді Қарағанды облысының тұрғыны Татьяна Саболевская. 

Туған қыздарындай болған Мария мен Алина бұл отбасына келіп ата-ана жылулығын сезінгендерін айтады. Бастысы, бөтенсу мен қымсыну жоқ. Өз үйіндей еркін жүреді. 

"Өз туған ата-анамызды күтпейміз. Олардың қажеті жоқ. Асырап алған ата-анамыз туғандарымыздай", – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Мария Боденер. 

"Балалар үйінде тәрбиеші келіп өз қызметін атқарады. Ал жаңа отбасында ата-ана жылулығын сезіндік. Қазір мамамыз бен папамыз бар", – дейді Алина Сизова.

Облыста қазір қалған 7 балалар үйінде 438 жетім бар. Оның 5-еуі мемлекеттік, 2-еуі жекеменшік балалар үйі. Оларды асырау үшін бюджеттен бір жарым миллиардқа жуық ақша бөлінеді. Ал жабылған екі жетімдер үйінің қызметкерлері жұмыссыз қалмайды. Олар басқа балалар үйінде қызмет ететін болады.

Дидар Халық
Сенбі, 03 Шілде, 2021 08:38
Талқылау