Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылды: Мемлекет басшысы заңға қол қойды
Фото: ҚР Ішкі істер министрлігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының қызметіне қатысты заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды
Заң арқылы "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы", "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" және басқа да заңдарға түзетулер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы құқық қорғау қызметін жетілдіруге бағытталған.
Ал екінші блок құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруды көздейді.
Түзетулердің үшінші блогы ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге қатысты. Мәселен, "мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" Жарлықты іске асыру үшін ішкі істер органдарының қызметі саласындағы заңнаманың мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланды. Полиция қызметін ұйымдастыру ісін жетілдіру мақсатында жергілікті полиция қызметі таратылды.
Түзетулердің төртінші блогы қарасораны өнеркәсіпте пайдалану, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын қарастырады. Заңға сәйкес, Үкіметке есірткі өндіруге немесе дайындауға қатысы жоқ, өнеркәсіптік мақсатта өсіруге рұқсат етілген қарасора сұрыптарын анықтау құзыреті берілді. Сондай-ақ қарасораны өнеркәсіптік өңдеу тәртібі айқындалды.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев учаскелік полицейлердің еңбек өтілінің 1 жылын 1,5 жыл деп есептеуді ұсынған еді.