Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жел күшейіп, кей өңірлерде шаңды дауыл болады: 15 өңірге ескерту жасалды

Фото: pixabay.com

Қазақстанда ауа райы күрт нашарлап, синоптиктер елдің 15 өңірінде дауылды ескерту жариялады. 17 наурыз күні бірқатар аймақта күшті жел, шаңды дауыл, қалың тұман және көктайғақ болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Атырау облысында және Атырау қаласында секундына 20 метрге дейін күшейетін желмен бірге шаңды дауыл болжанып отыр. Сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында желдің екпіні 20-23 метрге дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында бұл жағдай тұманмен қатар жүреді.

Елдің көптеген өңірінде қалың тұман түсіп, көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Мұндай жағдай Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында күтіледі.

Сонымен қатар Ақмола облысында (Көкшетау қаласын қоса алғанда) және Батыс Қазақстан облысында (Орал қаласы) көктайғақ болып, жолдарда жүру қиындайды.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш күнде елімізде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Кей өңірлерде жауын-шашын болуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сақ болып, ауа райының өзгерістерін ескеруді ескертеді.



Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында қатты боран салдарынан жолда қалған адамдарды құтқару кезінде үш құтқарушы арнайы техниканың алдында жаяу жүріп, оған жол көрсеткен. Көріну нөлге жақын болғандықтан, олар 30 шақырымды кезек-кезек жүріп өтіп, 18 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялауға көмектесті.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 10:07