Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтудың қандай мүмкіндіктері бар

Жастардың жұмысқа орналасып, еңбекке араласып кетуі әрқашан да өзекті мәселе. Осыған байланысты оларды жұмыспен қамтуға қатысты мемлекет тарапынан қабылданған шаралар бұл мәселені шешуде маңызды рөл атқарады.

Сурет unsplash.com

Қазақстанда қазіргі таңда жүзеге асып жатқан "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жастардың аяққа тұрып кетуі үшін арнайы жасалған. 
Осы ретте олардың әрқайсысына жеке тоқталып өткен жөн.

Жастар практикасы

Тәжірибесі жоқ жас маманға жұмыс табу біршама қиындық тудыратыны белгілі. Сондықтан Жастар практикасы жоғары оқу орнын немесе колледжді бітіргеніне 5 жыл болмаған және алған мамандығы бойынша бұрын жұмыс істмеген түлектерге бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектеседі.

Түлектердің жастар практикасына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Бұл мерзім ішінде болашақ маман өз әлеуетін толық аша алады.

Жастар практикасы мемлекеттік немесе жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Айта кетер жайт, жұмыс орындары ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар мекемелерде ұйымдастырылмауы керек.

Ең бастысы - жұмыс орындары түлектің кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуға тиіс.
Қатысушыларға салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, кемінде 30 айлық есептік көрсеткішке тең айлық жалақы беріледі.

Алғашқы жұмыс орны

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы мүлде жұмыс тәжірибесі жоқ, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген жастарға арналған жоба. Жастарда жұмыс тәжірибесінің болуы/болмауы міндетті зейнетақы жарналарының негізінде анықталады.

Бұл жобаның жастар практикасынан басты ерекшелігі оған қатысуға үміткерлерден міндетті түрде жоғары немесе техникалық-кәсіптік білімді растайтын құжаттар талап етілмейді. Жобаға қатысу үшін белгілі бір дағды бойынша курстарды бітіргендігі туралы сертификатта жеткілікті.
Жобаға қатысу жастарға алғашқы жұмыс орнына бейімделуге, еңбек дағдыларын қалыптастыруға және маман болып қалыптасуға әсер етеді. 

Алғашқы жұмыс орнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны ұсынылады. 

Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Мансап орталығы 18 ай бойы еңбекақыны субсидиялайды.

Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жұмысқа орналасады.

Ұрпақтар келісімшарты

Бұл жұмыс орны 6 ай ішінде зейнетке шығатын мамандары бар ұйымдар мен мекемелерде құрылады. Оның аясында жас маман талай жыл еңбек етіп келген қызметкерден тәлім алып, тәжірибе жинақтайды. Осылайша зейнетке шығатын маман кейін өзін алмастыратын маманды дайындап шығарады. Зейнетке шыққан аға буын өкілінің орнын жас қызметкер басады. 

Ұрпақтар келісімшартына 35 жастан аспаған, оқуды соңғы 3 жыл ішінде бітірген оқу орындарының түлектері қатысады. Жұмыстың ұзақтығы 6 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушы зейнеткерлік жасқа толған қызметкердің орнына ауысады немесе оған басқа тұрақты жұмыс орны ұсынылады.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 

Жоғарыда аталған үш жоба бойынша жұмысқа орналасқыңыз келсе, онда:

  • тұрғылықты жеріңіз бойынша мансап орталығына;
  • enbek.kz электрондық еңбек биржасына; 
  • eGov.kz электрондық үкімет порталына өтінім бере аласыз. 

Жалпы мемлекет жастар үшін көп мүмкіндік беріп отыр. Субсидияланатын жұмыс орнынан бөлек, Қазақстанда бизнес идеяларды жүзеге асыру бағытында жастарға гранттар мен 2,5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен шағын несие беріледі. 

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы жылдың 
9 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша ведомствоның алқа отырысында елде 757 мың адам жұмысқа орналастырғанын, олардың жартысы жастар екенін айтқан болатын.

Жыл басынан бері ел аумағында "Жастар практикасы" бойынша -  30,4 мың адам, "Алғашқы жұмыс орны" бойынша – 8,6 мың адам, "Ұрпақтар келісімшарты" бойынша  –  442 адам адам жұмыспен қамтылды.  

Талқылау