Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа пәтерлердің бағасы өсіп жатыр

Фото: pixabay.com

Елімізде жаңа пәтерлердің бағасы өсіп жатыр. Әсіресе, Астана мен Алматыда 8% өсіп шыға келген. Мұны сарапшылар бірінші кезекте құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл соңына дейін жаңа пәтерлердің құны тағы 15-20% көтерілуі мүмкін дейді мамандар.

Қазір елімізде пәтер қымбатшылығы бойынша Алматы бірінші орында. Мұнда бір бөлмелі үйдің бағасы 20 миллионнан басталады. Оның өзі шет аудандарда. Ал орталықтан баспаналы болғысы келгендердің қалтасында 25-30 миллион теңгесі болуы керек. Онда да ескі үйлердегі пәтер. Ал жаңа тұрғын үй кешендеріндегі баспана тіпті қолжетімсіз. Олардың құны жыл басынан бері 8% көтеріліпті.

“Теңгенің құнсыздануымен байланыстырушы едім. Кейінгі уақытта теңгенің тұрақсыздығы байқалады. Бұл валюталық тәуекелдерге байланысты қымбаттап отыр деуге негіз бар. Екінші мәселе, жыл басынан бастап қосылған құн салығының төңірегінде айтылып жатқан ойлар”, – дейді экономист Мақсат Халық.

Қазір Алматыда эконом кластағы үйлер өтімді. Әсіресе екі бөлмелі, аумағы 50-55 шаршы метрлік үйлер. Қалада жаңа пәтерлердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 589 мың теңге. Жаңа пәтерлердің қымбаттауы тұрғын үй нарығына кері әсер етіп үлгерген. Яғни сұраныс едәуір азайыпты. Жыл соңына дейін баға тағы көтеріледі дейді мамандар.

“Қазір жаңа тұрғын үй кешендеріне сұраныс азайып жатыр. Жылдың соңына дейін, әрине, жаңа тұрғын үй кешендерінде баға көтеріледі. Бәрінің бағасы көтеріліп жатыр, материалдардың да бағасыда жоғары. Жыл басында 5-7 пайыз болса, тағы да 10-15 пайыз көтеріледі”, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің бас маманы Әйгерім Құдайбергенова.

Астанада да пәтерлер 15 пайызға дейін қымбаттапты. Бірақ бұл елордалықтардың үй алуына тосқауыл емес.

“Баға 12-15 пайыз өсті. Бүгінде жағдай тұрақты, баспанаға сұраныс азайған жоқ. Бір және екі бөлмелі пәтерлер әрқашан сұранысқа ие. Құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын жыл басында көтерген. Яғни бұл жағдай жыл соңына дейін сақталуы керек”, – дейді риелтор Назгүл Ақылбекова.

Өңірлерде де пәтер қолжетімсіз болып барады. Баспана бағасы Көкшетау мен Павлодарда айтарлықтай өсіпті. Ал сарапшылар үйді қыс аяғында, яғни қаңтар мен ақпан айларында алған дұрыс дейді. Дәл қазір ипотекамен үй алу тиімсіз. Экономистер қолма-қол қаражаты бар азаматтарға ғана пәтер алуға кеңес береді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 22:53
Талқылау