Қазақстанда жаңа Нұркент қаласы салынуда
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына іс-сапары барысында жаңа Нұркент қаласының жобасымен танысты. Қала қазақ-қытай шекарасындағы Панфилов ауданында тұрғызылып жатыр.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Одан бөлек, Назарбаев Талдықорғандағы басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен және Жаркент-Хоргос агломерациясының қала құрылысы тұрғысынан дамуының кешенді жоспарымен танысты.
Ал Нұркент қаласы арнайы «Хоргос-Шығыс қақпа» экономикалық аймағының құрамына енетін болады. Нұркент – мың тұрғыны бар, аумағы 300 гектарды құрайтын қала болмақ. Арнайы экономикалық аймақтың құрылысы 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс. Аталмыш шекара аймағы жаңа Жібек жолының негізгі нүктесіне айналатын болады.
Айта кетейік, дүйсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен Алматы облысына барды. Талдықорғанды аралаған президент бірқатар нысандарға барып қайтты.
Назарбаев Талдықорғандағы әуежай мен аэровокзалдың жаңарту жұмыстарымен танысты. Одан бөлек «Нам Г.Н.» шаруашылық қожалығына, Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға, Текелі тау-кен өңдеу кешеніне, оқушылар сарайына, жастарға қызмет көрсету орталығына және қалалық «Жастар» саябағына барды.
Путин мен Атамбаевтың бір креслода отырған суреті елдің күлкісіне қалды