Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 10 жылдан кейін бензин жетіспеушілігін болдырмау үшін жаңа қуатты зауыт салу ұсынылды

Энергетика министрлігі 10 жылдан кейін бензин мен дизельдік отын тапшылығын болдырмау үшін жаңа қуатты мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ksb.com

Энергетика министрі 2030 жылдан кешіктірмей мұнай өңдеу зауытын салу керегін айтты. 

“2036 жылы ашық мұнай өнімдерінің тапшылығы сезілуі мүмкін. Сол үшін 2030 жылдан кешіктірмей қуаттылығы жылына 10 миллион тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын жобалауды бастау қажет. 2030–2036 жылдары дизельдік отынға деген сұраныс жылына қосымша 2 миллион тоннаға артады”, – деді министр. 

Министр 2028-2030 жылдары жанар-жағармайдың 2036-2040 жылдардағы ықтимал импорты есебінен өндіріс-тұтыну теңгерімін ұдайы жаңартып отыру қажеттігін айтты. 

Оның айтуынша, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу 2040-2050 жылдар аралығында елдің жанар-жағармайға деген қажеттілігін жабады. Ол Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияның қарқынды дамып жатқан нарықтарына жанар-жағармай экспорттауға мүмкіндік береді. 

Қысқа мерзімге келетін болсақ, 2030 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын екі есеге немесе 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. 

Зауыттың мұнаймен толтырылуын қамтамасыз ету үшін Атырау-Кеңқияқ және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жүзеге асырылады.

Павлодар мұнай өңдеу зауытында 2026 жылға қарай қосымша 500 мың қысқы дизель отынын өндіру жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезеңде мұнайды бастапқы өңдеудің қуаттылығын жылына 6 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

"Павлодар мұнай өңдеу зауытын кеңейтудің екінші кезеңі жылына 8 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге кірісіп жатыр. 2024 жылдың соңына дейін алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін құрылыс салушыны таңдау жоспарланып отыр”, – деді Сатқалиев.

Бұл шаралар 2035 жылға дейін бензинге, авиациялық және дизельдік отынға деген нарық сұранысын толық жабуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өндірілген жанар-жағармайдың артығын экспортқа шығаруға жағдай жасайды. 

Айта кетейік, 2023 жылы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты қандай шешім бар екенін айтқан еді. 

Талқылау