Қазақстанда зейнетақы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері өседі
Қазақстанда зейнетақы, бюджет саласының жалақысы, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегінің мөлшері артады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенаттағы Taldau Talks подкастында қосылған құн салығының өсуі, оның Қазақстандағы бюджет пен инфляцияға әсеріне қатысты сауалдарға жауап берді.
"Заң бойынша біз инфляция деңгейінде зейнетақыны, мемлекеттік қызметкерлердің, мұғалімдердің және дәрігерлердің жалақысын өсіруге тиіспіз. 20 пайыздық мөлшерлемемен бұл 800 миллиард теңге болады. 16 пайыздық мөлшерлемеде ол 500-550 миллиардтың арасында болады. Атаулы әлеуметтік көмектің де мөлшерін көбейтеміз. Қазір ол 200 мың адамға 40-45 миллиард теңге көлемінде. Тұрғын үй көмегіне қатысты, тарифтер бағасы көтерілуінің орнын толтыру үшін оның да мөлшерін ұлғайтамыз", – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін қосылған құн салығының өсуі, шектің төмендеуіне қатысты Салық кодексіне енгізілген түзетулер мәжіліске жіберілген еді.