Қазақстанда зейнетақы екі есеге көтеріледі: Министрлік айтып берді
Әлеуметтік желіде Қазақстанда зейнетақы екі есе көтерілетіні туралы ақпарат тарады. 2021 жылдың басынан бастап Қазақстанда зейнетақының мөлшері өсті, бірақ ақпаратта айтылғандай екі есеге өсім байқалған жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
"2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7 пайызға, яғни инфляция деңгейінен екі пайызға артты", - дейді еңбек министрлігі.
Оған қоса министрліктің сайтында ең төменгі зейнетақы есептелген.
"Бұл ретте, жасына байланысты ең төменгі зейнетақының мөлшері 43 272 теңгені құрады. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері бес пайызға ұлғайтылды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның ең төменгі мөлшері 18 524 теңгені құрайды. Нәтижесінде, базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең төменгі зейнетақы 1 қаңтардан бастап 61 796 теңгені құрайды", - делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында.
Бұл өсім 2,2 миллион зейнеткерге әсер ететіні атап өтілді.