Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны қалай есептеу керек: Қазақстандағы зейнетақы төлеу туралы толық ақпарат

Зейнет жасына жеткен Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстанда ерлер зейнетке 63 жаста, әйелдер 60 жаста (2021 жылы) шығады деп бектілген. Жыл сайын әйелдердің зейнет жасы алты айға көбейіп отырады. Елімізде зейнетақы мен зейнетақы жарналарының қандай түрлері бар? Қазақстанда зейнетке қалай шығуға болады?

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

Ерікті зейнетақы (үшінші деңгейлі) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер. Салымшылардың өзінің бастамасы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өзі үшін немесе үшінші тұлғалар салатын ақша. Олардың мөлшерлемесі, төлеу кезеңі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартпен анықталады. Ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары – бұл ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Тұтастай алғанда, ерікті зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі зейнетақымен қамтамасыз ету үшін азаматтардың жеке жауапкершілігін ынталандырады. Осылайша, қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру моделі әрбір азаматтың өзінің болашақ зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін дербес жауапкершілігіне бағдарланған.

Міндетті зейнетақы (екінші деңгейлі) – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен республикалық бюджеттен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақылар. Ынтымақтастық зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтарына және жұмыс өтіліне байланысты есептеледі. 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жеке зейнетақы жинақтарын ескере отырып, БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады. Заңнамаға сәйкес жұмыс өтілі 1998 жылға дейін ерлерге – 25 жастан, ал әйелдерге – 20 жастан бастап есептеледі. Зейнетақыны есептеуде толық жұмыс өтілі ескеріледі.

Базалық зейнетақы (бірінші деңгейлі) – республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі. Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен кезде азаматтарға, сондай-ақ, республиканың аумағында тұрақты тұратын адамдарға тағайындалады. Зейнетақының бұл түрін кейде “Президенттік зейнетақы” деп те атайды. Мұнда 9983 теңгені құрайтын мемлекеттік базалық төлем зейнеткерлікке шыққан барлық азаматтарға еңбек өтіліміне және бұрын жүргізілген аударымдарына қарамастан ұсынылады.



Елімізде зейнетақы жарналарының 3 түрі бар:

- Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ). МЗЖ есептеу үшін қабылданған, ай сайынғы табыстан 10 пайыз мөлшерінде БЖЗҚ-ға төленетін ақша.

- Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – жұмыс беруші еңбек жағдайы зиянды жұмыспен айналысатын қызметкерлердің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейтін және БЖЗҚ-ға аударатын, қызметкердің ай сайынғы табысынан 5 пайыз мөлшеріндегі сома.

- Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – ҚР Заңнамасында және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртіппен зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына БЖЗҚ-ға және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. ЕЗЖ мөлшерлемесі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.

Зейнетақы алу үшін не істеу керек?

Зейнет жасына жеткен кез келген Қазақстан азаматы зейнетақы төлемдерін алу үшін бірқатар құжаттар ұсынуы керек. 

Зейнетақы рәсімдеуге қажетті құжаттар: 

- Жеке басын куәландыратын құжат;

- Мекен-жай анықтамасы;

- Банк шотының нөмірі;

- Жұмыс орнынан табысы туралы және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтамалар;

- Еңбек кітапшасы;

- Білімі туралы диплом;

- Әскери билет (Қорғаныс ісі жөніндегі жергілікті басқармадан алынады);

- Неке туралы куәлік (егер тегі әр түрлі болса әйелі мен балаларының құжаттары қоса беріледі);

- Балалардың туу туралы куәліктері.

Егер еңбек өтілін растайтын құжат болмаса, мұрағаттық анықтаманы мен сот шешімін ұсынуға болады. 

Егер туу туралы куәліктер болмаса, акт жазбасынан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама ұсынуға болады. 

Құжаттарды жинағаннан кейін міндетті түрде зейнетақы алу туралы өтініш беруіңіз керек. Ол үшін жергілікті жерлердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуіңіз қажет. Құжат тапсырып болғаннан кейін арнайы талон аласыз.

Сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz онлайн-порталы арқылы өтініш беруге болады. Ол үшін электронды сандық қолтаңбаңыз болуы шар (ЭСҚ).  Порталға тіркеліп, авторландырғаннан кейін "Азаматтарға" арналған қызметтердің ішінен "Әлеуметтік қамсыздандыру" – "Мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау" – "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмаларын басу керек. Өтінішті толтырып, қол қою ЭСҚ арқылы жүзеге асырылады. Порталдан өтініміңіздің статусын бақылап отыруға болады.

10 жұмыс күні ішінде еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті зейнетақыны тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады және сізді хабардар етеді. 

Қосымша құжаттар ұсыну қажет екендігі туралы сізге 5 жұмыс күн ішінде ақпарат берілуі тиіс.

Егер құжаттарыңыз дұрыс жолданбаса, сізден оларды ретке келтіруді талап етуі мүмкін. 30 жұмыс күні ішінде құжаттарыңызды қалпына келтіріп, қайта өткізуге мүмкіндігіңіз бар. 

Еске салсақ, елімізде ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, әйелдер үшін – 60 жасты құрайды (2021 жылы). Әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі.

Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

  • 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.

Зейнетақы қалай есептеледі?

Мемлекеттік базалық зейнетақы

Базалық зейнетақы жалпы еңбек өтілі мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне  байланысты есептеледі. 

Жалпы жұмыс өтілі бар азаматтар үшін:

- 10 жылдан аз уақыт ішінде базалық зейнетақы 0,54 PM құрайды (2021 жылға 18 523,1 теңге);
- 11 жыл - 0,56 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 19 209,1 теңге);
- 12 жыл - 0,58 төменгі күнкөріс деңгейі(2021 жылға 19 895,2 теңге);
- 13 жыл - 0,60 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 20 581,2 теңге);
- 14 жыл - 0,62 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 21 267,2 теңге);
- 15 жыл - 0,64 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 21 953,3 теңге);
- 16 жыл - 0,66 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 22 639,3 теңге);
- 17 жыл - 0,68 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 23 325,4 теңге);
- 18 жыл - 0,70 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 24 011,4 теңге);
- 19 жыл - 0,72 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 24 697,4 теңге);
- 20 жыл - 0,74 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 25 383,5 теңге);
- 21 жыл - 0,76 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 26 069,5 теңге);
- 22 жыл - 0,78 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 26 755,6 теңге);
- 23 жыл - 0,80 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 27 441,6 теңге);
- 24 жыл - 0,82 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 28 127,6 теңге);
- 25 жыл - 0,84 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 28 813,7 теңге);
- 26 жыл - 0,86 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 29 499,7 теңге);
- 27 жыл - 0,88 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 30 185,8 теңге);
- 28 жыл - 0,90 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 30 871,8 теңге);
- 29 жыл - 0,92 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 31 557,8 теңге);
- 30 жыл - 0,94 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 32 243,9 теңге);
- 31 жыл - 0,96 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 32 929,9 теңге);
- 32 жыл - 0,98 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 33 616 теңге);
- 33 жас және одан жоғары - 1 төменгі күнкөріс деңгейі (2021 жылға 34 302 теңге).

Міндетті зейнетақы

Міндетті зейнетақыны есептеу екі көрсеткіш бойынша есептеледі. Ол орташа айлық табыс және еңбек өтілі.

Міндетті зейнетақы 3 жылдағы орташа айлық табысты анықтау үшін үш жылдағы жалпы табысты 36 айға бөлу қажет. 

Міндетті зейнетақының мөлшері азаматтың соңғы 3 жылдағы орташа жалақысының 60% мөлшерінде есептеледі.

Сонымен қатар, еңбек зейнетақысын есептеу үшін қабылданған орташа айлық кірістің жоғарғы шегі 46 АЕК-пен шектелген. 

Мәселен, зейнетке шыққанға дейінгі 3 жылда адамның орташа жалақысы 200 000 болса, 200 000*60=12 000 000/100=120 000тг. Яғни, орташа жалақы мөлшерінің 60% =120 000тг.

Алайда, заңнамада бекітілгендей, еңбек зейнетақысын есептеу үшін қабылданған орташа айлық кірістің жоғарғы шегі 46 АЕК-пен шектелген. Сондықтан, орташа жалақы мөлшері емес,  орташа айлық кірістің жоғарғы шегі 46 АЕК, яғни, 143 182 теңгенің 60% мөлшері белгіленеді. Яғни, адамның орташа жалақысы 200 000 немесе 300 000 теңге болған жағдайда да, зейнетақы мөлшері 85 909 теңгеден аспайды. 

Зейнетақыны есептеу алгоритмі

Жаңа әдіске сәйкес, бірінші жылы жинақталған зейнетақы қаражатын 6,5%-ға көбейту керек. Келесі жылдары төлемдер мөлшері 5% -ға артады.

- жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшері = 6 000 000 теңге

- бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық мөлшері: 6 000 000 теңге * 6,5% = жылына 390 000 теңге

- бірінші жылы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай = 32 500 теңге
- екінші жылға арналған ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 32 500 + 32 500 * 5% = 34 125 теңге
- үшінші жыл үшін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 34 125 + 34 125 * 5% = 35 831 теңге.

Сонымен бірге, жаңа әдіске сәйкес БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 70% -ын, яғни кемінде 24 011,4 теңгені (2021 жылғы жағдай бойынша) құрауы керек.

Зейнеткер төлемдерін БЖЗҚ-дан оның шотындағы ақша таусылғанға дейін алады. Ақша таусылған кезде адамға тек базалық зейнетақы төленеді.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы)–   100 мың теңгені құрады.

Зейнетақы төлемдерінің ең жоғарғы мөлшері(жасы бойынша) – айы сайын 520 мың теңгені құрады.

Талқылау