Қазақстанда ұрғашы киіктерді аулауға рұқсат етілмек
Фото: depositphotos.com
Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда киіктерді аулауға рұқсат берілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, аңшылыққа биылдың өзінде рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр.
"Бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Алайда мұнда тәуекелдер көп. Жеріміз кең, ал әрбір аңшыны қадағалап отыру үшін инспекторлар жеткіліксіз", – деді Ерлан Нысанбаев.
Министр кеңес дәуірінде киікке аңшылық жасау тәжірибесі болғанын атап өтті, алайда кейін бұл тәжірибе сәтсіз аяқталған.
"Бір жылдары аңшылыққа рұқсат берілгенде, бүкіл дала мүйіздері кесілген киіктердің өлексесіне толып кеткен. Сол себепті биыл тек ұрғашы киіктерге ғана аңшылық жасауға рұқсат беру мәселесін қарастырып отырмыз. Бірақ бұл мәселе бойынша қазір аңшылық ұйымдарымен әрбір қадамды техникалық тұрғыдан қалай іске асыру керегін талқылап жатырмыз", – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін шаруалар киік санының артуына байланысты олардың егістік алқаптарын таптап жатқанын айтып, оларды қууға мәжбүр екендерін мәлімдеген еді. Ал мәжіліс депутаты депутаты шаруашылықты қорғау үшін ақбөкендерді соғыстағыдай қыру керек деп ұсыныс жасаған еді.