AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейірімділік әлемді құтқарады: Екі батырманы басып, қалай волонтер атануға болады

Бүгінде қайырымдылықпен тіпті үйден шықпай-ақ, әлеуметтік желіде айналысуға болады. Мәселен, жақсылық жасағыңыз келсе, Instagram желісінде көмекке мұқтаж балаларға ақша аударып, түрлі игі науқандарға қатысуға болады. Ал 2019 жылдан бастап елімізде волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында QazVolunteer.kz онлайн платформасы құрылды. Оған волонтерлік қозғалысқа қатысқысы келетін кез келген адам, сондай-ақ тиісті сипаттағы кез келген ұйым тіркеле алады. 

QazVolunteer.kz платформасы – әлемнің барлық волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарының басын бір арнаға тоғыстыратын заманауи алаң. Мұндағы басты мақсат – еріктілер қозғалысын дамыту және олардың еңбегін елге етене таныстыру. Порталда волонтерлікті дамыту жеті бағыт бойынша жүргізіледі. 

  1. "Bilim" –  білім беру бағыты;
  2. "Saýlyq" –  денсаулық сақтау бағыты;
  3. "Sabaqtastyq" – тәлімгерлік бағыты;
  4. “Taza Álem – табиғат, қоршаған орта, экология бағыты; 
  5. “Asyl Mura” – рухани, тарихи және мәдени құндылықтарды сақтау бағыты;
  6. "Qamqor" – әлеуметтік бағыт; 
  7. “Úmit” – табиғи, техногендік апаттардың салдарын жою. 

"Bilim" бағыты бойынша, аты айтып тұрғандай, ауылдық жерлердегі орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындақ бойынша көмек көрсетліп, ағылшын тіліне, компьютерлік және құқықтық сауаттылыққа оқыту жүргізіледі. 

Ал "Saýlyq" бағытына жұмылған волонтерлер денсаулықты қорғау саласына, науқастарды күтуде, оның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде және басқаларында көмек көрсетуге  жұмылдырылады.

"Sabaqtastyq" тәлімгерлік бағыты бойынша балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне және халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы өмірлік қиын жағдайда қалған жастарға, балаларға волонтерлердің тәлімгерлік тәжірибесін енгізу негізге алынған.

“Taza Álem” бағытының негізгі концепциясы – табиғатты қорғау. Мұнда волонтерлерге өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу, қоқыстарды іріктеу үйретіледі. 

"Asyl mura" бағыты бойнша еріктілер тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау бойынша жұмыс жүргізеді. 

"Qamqor" әлеуметтік қайырымдылыққа бағытталған. Мұнда волонтерлерді қарттар үйлеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тарту қарастырылған. 

"Úmit" бағыты бойынша волонтерлер жоғалған адамдарды іздеу, апаттар қауіпін төмендету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша, оның ішінде отандастарымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздестіруге жұмылдырылады. 

Бұлардан бөлек, платформада корпоративтік волонтерлік және күміс волонтерлік бағыттары да бар. Корпоративтік волонтерлік бойынша адами капиталдың дамуы, ұйымдар мен ҮЕҰ қатысуымен корпоративті волонтерліктің жағымды практикаларының артуына үлес қосу негізге алынса, Күміс волонтерлік бағыты бойынша жас ерекшелігіне қарамастан азаматтарды волонтерлік қызметке тарту,  еріктілік арқылы аға буынның белсенді ұзақ өмір сүруін дамыту қарастырылған. 

Бұл бағыттар Қазақстанның барлық аумағын қамтиды. 

Платформа волонтерлік қызметке қатысушылардың өзара бірлесе әрекет жасауына, Қазақстандағы волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың қызметін үйлестіруге, жобаларды, бағдарламаларды және акцияларды ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Волонтерлер өз қабілеттері туралы ақпаратты осы платформаға орналастыра алады. Сол бойынша жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырушылар волонтерлерді оңай таба алады. Кейін бұнда жұмыс нәтижесі бойынша волонтерлердің рейтингі қалыптасады.

Айдана Мақышева

“Qazvolunteer.kz волонтерлердің бірыңғай платформасының негізгі мақсаты – волотнерлер мен волонтерлік ұйымдарды бір-бірімен байланыстыру. Кез келген азамат платфоромада волонтер болу үшін тіркеле алады. Сондай-ақ заңды түрдегі бастамашыл топ немесе ұйым болса олар өздері тарапынан ұйымдастырылған қандай да бір іс-шараны осы платформада жариялап отыра алады. Қазақстан бойынша волонтерлерге қатысты барлық мәліметті осы платформадан табуға болады”, – дейді Qazvolunteer.kz ақпараттық желісінің операторы Айдана Мақышева. 

Маманның сөзінше, платформаға 50 807 волонтер, 3 417 ұйым тіркелген. Бүгінге дейін волонтерлерлікке қатысты 1 042 жоба жүзеге асқан. Оның сөзінше, кез келген адам арнайы іздеу батырмасы арқылы өзі тұратын қаладағы волонтерлік ұйымдарды тауып, бүгінгі күні іске асып жатқан жобалар туралы толыққанды мәлімет ала алады.

“Ерікті болуға ниетті адамдар байланысқанда мен ең әуелі волонтер атану үшін қойылатын негізгі үш шартты айтар едім. Олар: ең бірінші кезекте волонтерлік жұмыс ерікті түрде атқарылады. Яғни қай уақытта, қандай бағытта жұмыс істейтінін әркім өзі таңдайды. Екінші, волонтерлік жұмыс ақысыз түрде атқарылады. Кейде "Волонтер болсам, қанша ақы төленеді?" деген сұрақпен хабарласатындар да бар. Үшіншіден, волонтерлік жұмыс қандай да бір ұйымның мүддесі үшін емес, қоғамның мүддесі үшін жасалады”, – деп қосты ол. 

Айтуынша, қазіргі күні жастардың волонтерлікке деген қызығушылығы артуда. 

“Qazvolunteer.kz ақпараттық желісінің операторы ретінде Call-орталыққа қоңырау шалушылардың әрқайсысына жауап беру менің негізгі міндетім. Жастар арасында халықаралық волонтер атанғысы келетіндердің саны бүгінде артып келе жатыр. Әсіресе шетелде оқуды жоспарлап жүрген жастардың дені халықаралық волонтер болуға ниетті. Біздің платформада шетелде волонтерлікпен айналысудың жолдары көрсетілген. Платформадағы "Шетелдегі волонтерлік" батырмасын басу арқылы әлемнің көптеген еліндегі түрлі волонтерлік жобаларды және бағдарламаларды көре алады. Call-орталыққа телефон шалып немесе платформадағы Telegram немесе WhatsApp желілерінің арнайы сілтемелері арқылы бізбен байланыса алады”, – дейді маман.

Qazvolunteer.kz сайтының өкілі Қазақстанда еріктілер мәдениетінің енді дамып келе жатқанын айтады. 

“Кейде қайырымдылық бойынша қаржы жинауға көмектесу мәселесімен де қоңырау шалатындар бар. Біз бұл тұрғыда волонтерлік пен қайырымдылық екеуінің екі бөлек нәрсе екенін түсінуіміз керек. Сондай-ақ "Сендер еріктісіңдер ғой, мынадай жұмыс бар еді, соған көмектесіп жіберіңдер" деп хабарласатындар да бар. Бұл біздің қоғамда волонтерлік мәдениеттің әлі де болса толық қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Дегенмен волонтерлікке құлшынып тұрған жастарымыз да жетерлік. Бүгінде қатарымыздың күн санап артып келе жатқаны осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек”, – дейді маман.

Платформаның маңыздылығын оның мақсатынан көруге болады дейді Qazvolunteer.kz волонтерлердің бірыңғай платформасының контент-менеджері Александра Крашинина. Әсіресе ерікті болуға ниет білдірген адамдар мен енді қызметін бастаған волонтерлік ұйымдар үшін платформаның құндылығы жоғары екен. Себебі платформада волонтерлік қызмет бойынша пайдалы материалдарды шоғырландырған кітапхана, волонтерлік хикаялар, өзге волонтерлік ұйымдар мен жобалар туралы ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар  мұнда волонтерлік қызметті тиімді жүзеге асыруға көмектесетін, шабыттандыратын дәйекті және өзекті ақпараттар табуға болады.

Александра Крашинина

“Өз басым платформаны волонтерлердің білім ортасы ретінде қарастырамын. Сайт өзінің мақсатын жүзеге асыру арқылы волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың қызметінің тиімділігін арттырады. Ал барлығымыз білетіндей, волонтерлер мен волонтерлік ұйымдар қоғамның медицина, экология, медиа, мәдениет, әлеумет, денсаулық, спорт және т.б көптеген салалар бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Аталмыш салалар бойынша орын алған мәселелерді шешуге септігін тигізе отырып, қоғам мүддесі үшін қызмет атқарады. Мейірімділік арқылы әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге қадамдар жасайды”, – дейді ол. 

Платформаның қызметін жақсарту үшін үнемі мұнда еріктілермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Ал волонтер болғысы келетіндер сайт арқылы өтініш білдіре алады. 

“QazVolunteer.kz платформасы "Волонтерлар", "Birgemiz", "Жаңалықтар", "Ұйымдар", "Жобалар", "Есептер", "Біз туралы", "Байланыс" сынды айдарлар бойынша жұмыс істейді. Әрбір айдардың өз мақсаты бар. Сонымен қатар біздің волонтерлікке ниетті оқырмандарымыз платформа қызметін пайдалана отырып, волонтер атана алады. Ол үшін "Волонтер болғыңыз келеді ме?" атты сауалға өтіп, арнайы тіркеу формасын толтырады. Өзінің қызмет көрсету бағытын таңдайды. Сондай-ақ осынау платформа аясында "Волонтерлер керек пе?" деген сауалға жауап бере отырып, волонтерлердің көмегіне жүгінуге де мүмкіндік бар”, – деді Александра Крашинина.

Кез келген адамның қолынан волонтер болу келгенімен, бұл қадамға барлығы бірдей бара бермейді. "Мейірімділік әлемді құтқарады" десек, волонтер болу – жүрегі мейірімге толы жандардың ғана қолынан келетін қайырлы іс. Волонтер болғысы келетін әрбір жанға Qazvolunteer.kz платформасының есігі ашық, деп түйіндеді QazVolunteer.kz платформасының өкілі. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр