Қазақстанда утильдік алым енді төмендетілмейді - Индустрия министрлігі
Қазақстанда утилизациялық алым 50 пайызға төмендетілген болатын. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев алдағы уақытта утиль алымының қаржысы одан төмен түсіріле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Утильдік алымды 50 пайыздан төмен түсіретін болсақ, онда біздің отандық зауыттар бәсекеге сәйкес келмейтін болады. Өйткені, ол өндірістер өз елінде де утилизациялық алымнан босатылып отыр. Сондықтан одан әрі түсіретін жағдай жоқ. Атап өткендей, 89 пайыз ауыл шаруашылығы техникасын алғандар утилизациялық алым төлемеді. Утилизациялық алымды 0-ге түсіріп тастаңыздар дейтіндер кімдер, белсенді болып жүргендер. Біздің жеке ойымыз бойынша, олар мына импорттық техниканы лобби жасап отырғандар. Сонда бізге елдің экономикасы маңызды ма, әлде импорттық техниканың құқығын қорғау маңызды ма? Біздің ойымызша, елдің экономикасын, отандық өндірушіні қорғаған маңызды. Егер импорттық техника елге келіп утилизациялық алым төлегісі келмесе онда келіп өндіріс ашуға болады. Қазақстандық өндіріс болған соң біз оны әрқашан да қолдаймыз”, – дейді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда құрастырылған көлік құнында утильалым ешқашан болған емес.
Қазақстанда утиль алымы өзгергеннен кейін автомобиль бағалары қаншалықты түседі
"Біздің де жұмыста жіберген қателігіміз болар, утильалым туралы қоғамға дұрыс түсіндіре алмадық. Соны пайдаланып, кейбір қоғам белсенділері утильалым туралы қоғамда шындыққа жанаспайтын пікір, ұғым қалыптастырып отыр. Отандық көліктің бағасында ешқашан кәдеге жарату алымы болмаған. Бұл ретте мына мәселені атап өткен жөн. Жеңіл көлік жайында айтар болсақ, KIA, Hyundai модельдеріне халықтың сұранысы жоғары. Қазақстанда KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Лада сияқты автомобильдер толығымен құрастырылады. Олардың өндірісі осында қалыптасқан. Осы модельдерді алғанда халық ешқашан утильалым төлемеген", - деді вице-министр.
Осы ретте ол 2021 жылы еліміздің нарығында сатылған көліктердің 65 пайызы өзімізде құрастырылғандығын атап өтті.
"Статистикаға жүгінер болсақ, былтыр нарықта сатылған машиналардың 65 пайызын отандық көліктер құрайды. Бұл дегеніміз не? Яғни, жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 пайызы кәдеге жарату алымын төлеген жоқ. Қалған 35 пайыз импорттық көліктің басым бөлігі Mercedes, BMW сияқты премиум санатындағы машиналар. Бұл көліктерге утильалым төленді. Бірақ, түскен қаражат ертең елдің игілігіне, яғни, халыққа жеңілдетілген автонесие беруге жаратылады", - деді Марат Қарабаев.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
