Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда үлескерлер құқығын бұзған құрылыс салушылар қомақты айыппұл арқалайды

Құрылыс-freepik.comФото: freepik.com

Сенат мақұлдаған жаңа заңда үлескерлердің құқығын бұзғаны үшін айыппұлды жеті еседей арттыру көзделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, айыппұлды ұлғайту құрылыс салушылар тарапынан жасалатын алаяқтық пен жосықсыз әрекеттердің санын айтарлықтай азайтпақ.

"Бұл шаралар заңсыз ақша тартуды, құрылысты заңсыз жарнамалауды тоқтатады. Ал осы заң аясында біз Азаматтық кодекске және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер енгізіп жатырмыз және бұл, әрине, үлескерлердің құқығын қорғайды", – дейді Қуандық Қажкенов.

Сондай-ақ ол құрылыс салушыларға талапты күшейту Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының қарқынына әсер етпейді деп санайды.

"Бұл жалпы республика бойынша нысандарды іске қосуға әсер етпейді, өйткені 2024 жылдың соңына қарай біз 18,9 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік, яғни 172 мыңнан астам тұрғын үй. Біз үлестік құрылыс аясында талапты күшейтіп жатқанымыз республикадағы нысандарды пайдалануға берудің соңғы көрсеткішіне әсер етпейді", – деді Қуандық Қажкенов.

Еске салсақ, бүгін сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдағанын жазған едік. Заңда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйден жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотека рәсімдеуге тыйым салу көзделген.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 13:43
Талқылау