Қазақстанда төтенше жағдайларлар министрінің орынбасарлары тағайындалды
Ибрагим Күлшімбаев пен Мереке Пішембаев төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР үкіметінің қаулысымен Ибрагим Даукесұлы Күлшімбаев төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ибрагим Күлшімбаев 1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Ресей ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Амантау кеңшарында автопарк механигі болып бастаған.
1996-1999 жылдары — ҚР Қорғаныс министрлігі 1-армия корпусы 78 танк дивизиясы 143 танк полкінің штаб бастығының орынбасары, танк взводының командирі.
2000-2004 жылдары — ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.
2004-2005 жылдары — Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар басқармасы Дайындық және оқыту орталығының бөлім басшысының орынбасары.
2005 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымында жұмыс істеді.
2009-2013 жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою міндеттерін орындайтын ҚР ТЖМ 52859 әскери бөліміне басшылық етті.
2013-2016 жылдары — Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.
2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Сонымен қатар, үкіметтің қаулысымен Мереке Құдайбергенұлы Пішембаев ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Мереке Пішембаев 1962 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Өскемен жол-құрылыс институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Мамандығы — инженер-құрылысшы, экономист, менеджер.
Еңбек жолын 1985 жылы Павлодар облыстық автомобиль жолдары басқармасының Май аудандық автомобиль жолында аға жол шебері, бас инженер болып бастаған.
1986 жылдан бастап 1996 жылға дейін квазимемлекеттік секторда түрлі лауазымдарды атқарған.
1997 жылғы қыркүйектен 2000 жылдың ақпанына дейін ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде басшылық лауазымдарында еңбек еткен.
2000-2002 жылдары — Солтүстік Қазақстан мемлекеттік автомобиль жолдары мекемесінің директоры, Солтүстік Қазақстан облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
2002-2013 жылдары — ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары және инфрақұрылымдық кешен құрылысы комитетінің «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры.
2013 жылдан бастап 2014 жылға дейін — ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі; 2014 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы наурызға дейін — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.
2019 жылғы наурыздан бастап осы уақытқа дейін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
