"Тырысқақ ауруы таралып жатыр": Қазақстандықтар желідегі ақпаратты қызу талқылауда
What’sApp мессенджерінде Қазақстанда тырысқақ ауруының алғашқы жағдайлары тіркелгені туралы ақпарат тарады. Дауыстық хабарламада бір әйел бұл туралы Жезқазған медициналық орталығынан хабарлағанын айтады. Ақпарат жайлы денсаулық сақтау министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап.
“Құрметті серіктестер, барлықтарыңызды ескертіп қоғым келеді. Бүгін медорталықта болдым. Жезқазған тұрғындары медорталық деген үлкен ұйым екенін біледі. Дәрігерлер суды қайнатып ішіңіздер деп кеңес беріп жатыр. Себебі Қазақстанда тырысқақ ауруы таралып жатыр. Сондықтан абай болыңыздар, жақындарыңызды бұл туралы ескертуді ұмытпаңыздар. Барлығына суды қайнатып ішіңіздер деп айтыңыздар. Фильтрленген суды да қайнатып ішуге тырысыңыздар”, – дейді белгісіз әйел.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
“Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Жезқазғанда тырысқақ ауруы тіркелген жоқ. "Тырысқақ таяқшалары" тырысқақ вибрионының болуы бақыланады, мамыр айынан қазанға дейін апта сайын зертханалық зерттеулер үшін ашық су қоймаларынан (Кеңгір су қоймасы, жағажайлар) сынамалар алынады. Дүрбелеңге салынуға еш себеп жоқ”, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Комитет өкілдері тырысқақтың алдын алу үшін қолды үнемі мұқият жуып, көкөніс пен жемісті қайнаған сумен шайып, қайнатылған су ішу керек екенін еске салды. Мамандар саудаға бейімделмеген жерлерде көкөніс, жеміс пен басқа да тағамдарды сатып алмауға кеңес береді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
