Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы бірнеше ақылы жол пайда болады

"Балқаш – Бурылбайтал" республикалық автожолы ақылы болуы мүмкін. Көлік министрлігі "Ашық құқықтық нормалар" порталында "Балқаш – Бурылбайтал" республикалық автожолының учаскесіне ақы төлеуді енгізу туралы бұйрық жобасын жариялады. Қоғамдық талқылау 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Kolesa.kz

Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін көтеру мақсатында республикалық маңызы бар тас жолды ақылы ету жоспарланып отыр. Түскен ақша жолдарды жөнделуіне және күтіп ұстауға жұмсалып, сондай-ақ қаражатқа ақылы жолдарды күтіп ұстауға қажет құрал-жабдықтар сатып алынбақ.

Еске салайық, 2022 жылы бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев екінші санаттағы 2,5 мың шақырым жолды қалыпты жағдайға келтіргеннен кейін ақылы ету жоспарда бар екенін айтқан еді.

Одан бөлек мына жолдар да ақылы болмақ:

  • Қызылорда – Арал;
  • Ақтөбе – Орал;
  • Ақтөбе – Орынбор;
  • Қайнар – Бішкек;
  • Жетібай – Шетпе – Бейнеу – Ақжігіт;
  • Павлодар – Семей;
  • Астананың солтүстік айналма жолы;
  • Орал – Саратов;
  • Көкшетау – Петропавл;
  • Астана – Атбасар;
  • Павлодар – Омбы;
  • Семей – Қалбатау.

Айта кетейік, 2023 жылы 8 қазан мен 1 желтоқсан аралығында Бейнеу-Ақжігіт, Павлодар-Омбы, Көкшетау-Петропавл және Орал-Саратов автожолдары ақылы түрде жұмыс істей бастады.



Сонымен қатар былтыр қыркүйекте Көлік министрлігі "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ "Компьютер Вишн Technologies" ЖШС-мен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ақы алу жүйесін орнату және техникалық қызмет көрсету туралы келісімді қайта қарайтынын мәлімдеді. Содан кейін департамент операциялық шығындар үшін төлемдерді азайтпақ ниетте екенін айтты.

Бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстандағы ақылы жолдар тізімін жариялаған еді.

Талқылау