Қазақстанда су тарифтері енді өңірлердің даму деңгейіне қарай белгіленеді
Фото: pexels
Елімізде енгізілген ережелерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар халық үшін ауыз су тарифтерін дербес белгілейді. Оның мөлшері тиісті жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика бойынша орташа тариф шегінде болуы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Су кодексіне сәйкес, мәслихаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне және сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтерге қарай ауыз судың 1 текше метріне төлем мөлшерін реттеуге рұқсат етіледі.
"Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар халық үшін төлем мөлшерін айқындау жұмыстарын жүргізуде", — деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, бір адамға тәулігіне 140 литр көлемінде су тұтыну нормасы бекітілді, ал одан асып кеткен жағдайда тұтынушы артық көлем үшін 30% жоғары мөлшерлемемен төлейді.
Жүнісбековтың айтуынша, бұл шара суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және коммуналдық желілерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Айта кетсек, соңғы жылдары Қазақстан су ресурстарының тапшылығына және инфрақұрылымның тозуына тап болып отыр: салалық ведомстволардың мәліметінше, ауыз судың шамамен 40%-ы желілердегі ағып кету салдарынан жоғалады.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
