Қазақстанда соңғы жылы қандай пәтерлердің бағасы өсті – Статистика
Қазақстанда соңғы 1 жылда жаңа пәтерлердің бағасы 4,4%-ға өскен. Ал қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы керісінше 2,9%-ға төмендеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұдан бөлек пәтерді жалға алу құны тамызда бірден 17%-ға өсіпті. Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтауда 18%, Семей де 16%, Павлодарда 15,5%-ға қымбаттады.
Скриншот: Ұлттық статистика бюросынан
Ал екінші нарықтағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары, тұрғын үйді жалға беру нарығында Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары тұр.
2023 жылдың тамызында пәтер сату-сатып алу бойынша 38 810 келісімшарт жасалған. Бұл соңғы жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 10 141 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 669 мәміле жасалыпты. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 679 – 18%) және Алматы (5 928 – 15,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 705 – 9,5%) көш бастап тұр.
Скриншот: Ұлттық статистика бюросынан
2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 12,7%-ға (3 225 мәмілеге) өскен. Тамызда пәтерлер бойынша барлығы 28 669 мәміле жасалыпты. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болып, саны 10 924-ке жетті. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (23,9%), Алматы (18,7%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,6%) тиесілі.