Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шарапқа акциз өсіп, кей бизнес түріне талап жеңілдейді

Фото: freepik.com

Қазақстанда шарап өндірісі, резидент еместерге қосымша құн салығын рәсімдеу және мемлекеттік сатып алуларға қатысты жаңа өзгерістер қаралып жатыр. Үкімет бизнеске түсетін жүктемені жеңілдетуді көздегенімен, кейбір бастамалар, әсіресе алкоголь өнімдеріне қатысты, бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтің мәліметіне сенсек, Қазақстанда салық жүйесіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер дайындалып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста шарап өндірісінен бастап, резидент еместерге қосымша құн салығын төлеу тәртібі, мемлекеттік сатып алулар мен электр энергиясы нарығындағы есеп айырысуға дейінгі мәселелер қаралды.

Ең көп талқыланған тақырыптардың бірі шарапқа қатысты жаңа талаптар. ЕАЭО аясында әзірленіп жатқан техникалық регламентке сәйкес, жүзімнен емес, мысалы алма немесе алмұрттан жасалған сусындар енді "шарап" санатына кірмеуі мүмкін. Егер бұл құжат қабылданса, мұндай өнімдерге акциз жоғарылап, қымбаттауы ықтимал. Бірақ Қазақстан тарапы отандық өндірушілерді қолдау үшін табиғи ашыту арқылы жасалған жеміс сусындарына жеңілдетілген тәртіп қарастыруды ұсынып отыр.

Сондай-ақ резидент еместермен жұмыс істейтін бизнес үшін ҚҚС рәсімдеу жеңілдетіледі. Бұған дейін электронды шот-фактураны 5 күн ішінде жазу міндетті болса, енді бұл мерзім 15 күнге дейін ұзартылмақ. Бұл кәсіпкерлер үшін есеп жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді.

2026 жылдың басынан бастап бұл талаптар ретроспективті түрде қолданылады және әзірге кешіктіргені үшін айыппұл салынбайды. Мемлекеттік сатып алуларда да өзгерістер бар, бірақ Салық кодексінің өзі өзгермейді. Оның орнына сатып алу ережелері қайта қаралып, арнайы салық режимінде жұмыс істейтін компаниялармен есеп айырысу тәртібі нақтыланады.

Ал электр энергиясы нарығында шот-фактура жазу мерзімдерін өзгерту ұсынысы әзірге кейінге қалдырылды. Бұл мәселе нарық қатысушыларымен қосымша талқыланып, қайта қаралатын болады. Жалпы, билік жаңа өзгерістер арқылы салық жүйесін икемдірек әрі бизнеске түсінікті етуге тырысып отыр. Бірақ кейбір жаңашылдықтар, әсіресе акциздерге қатысты бастамалар, нарықтағы бағаға әсер етуі мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін Абай облысының Абай ауданындағы Медеу ауылдық округінің тұрғындары алкогольден толық бас тарту туралы шешімді қоғамдық жиында бірауыздан қабылдады. Округте 428 адам, 77 аула және 51 шаруа қожалығы бар. Аудандағы осындай бастаманы қолдаған екінші ауыл.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 13:02