Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда самокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салуды талап ететін петиция жарияланды

Фото: Pixabay.com

Қазақстанда самокат мен велосипед иелеріне жаяу жүргіншілер жолымен жүруге толық тыйым салуды ұсынған петиция жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Петиция авторлары жаяу жүргіншілерге арналған жерлерде электрсамокат, велосипедтерге және басқа да жеке көліктермен жүруге толық тыйым салуды ұсынады.

"Біз қалаларымыздың көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үкіметтен шұғыл шаралар қабылдауды талап етеміз. Тротуарлар, жаяу жүргіншілерге арналған аумақтар, алаңдар мен саябақтар жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысына ғана арналған, бірақ бүгінде олар жасанды түрде қауіпті аймақтарға айналды.

Бұл көліктердің бейберекет қозғалысы үйден шыққан сайын ауыр жарақатқа әкелетін жағдай туғызады, ал олардың кездейсоқ тұрағы жаяу жүргіншілердің қалыпты қозғалысына кедергі келтіреді. Қалаларда тиісті инфрақұрылымның жоқтығы біздің құқығымызды бұзуға негіз болмауы керек. Қауіпсіз жүріп-тұру құқығы артықшылық емес, адамның негізгі құқығы және оны қамтамасыз ету мемлекеттің тікелей міндеті", – делінген петицияда.

Авторлардың айтуынша, қазі қабылданған жол қозғалысы ережелеріне енгізілген түзетулер "әлсіз жартылай шаралар". Мәтінде полицияның бұл көлік түрлерін толық бақылауы мүмкін емес, өйткені ол "тым көп ресурстарды қажет етеді" делінген.


Алматыда самокатшы тротуарда жүргені үшін ескерту жасаған ер адамның көзінен ұрған

Алматыда самокат мінген екі жасөспірім сәби отырған бесік арбаны қағып кетті (видео)


Петиция авторларының талаптары: 

  1. Тротуарларда, жаяу жүргіншілер жолдарында, алаңдар мен саябақтарда самокат, электронды велосипедтерге, велосипедтерге және басқа да жеке көліктерге толық тыйым салу;
  2. Полицияның қадағалауын күшейтіп, заңбұзушылықтардың алдын алу;
  3. Тәртіп бұзушыларға қатаң жаза, оның ішінде қылмыстық жаза қолдану;
  4. Көліктерін тротуарларда пайдалануға рұқсат берген жүргізушілер мен жалға беруші компанияларға қатаң айыппұлдар мен санкциялар салу.

"Ел азаматтарының қауіпсіздігі абсолютті басымдық болуы керек, ал жеке тұлғалар мен жеке компаниялардың мүдделерін адамдардың өмірі мен денсаулығынан жоғары қоюға болмайды. Тротуарлар тағы да қауіпсіз және тек жаяу жүргіншілерге тиесілі болуы керек", – деп толықтырды петиция авторлары.

Петиция E-petition.kz сайтында 2026 жылдың 17 наурызына дейін қолжетімді болады.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қазақстан халқына Жолдауында электрсамокаттардың қозғалысына қатысты заң қабылдауды тапсырған еді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Қыркүйек, 2025 17:45
Талқылау