Қазақстанда салынып жатқан тұрғын үйлер бойынша ипотека рәсімдеуге тыйым салынбақ
Фото: pixabay.com
Бүгін сенатта "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор Сүйіндік Алдашевтің мәлімдеуінше, заң үлестік құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді күшейтуге, заңсыз құрылыс үлесін қысқартуға, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, автожол саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Үй салынбаса, ипотека жоқ
Құжатта үлестік құрылысқа қатысты бірқатар қатаңдату шарасы қарастырылған:
- салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
- үлескерлердің қаржыларын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу;
- салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың бақылау жүргізуін күшейту;
- салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйден жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салу;
- салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізу;
- тұрғын үй құрылысының жоспарлы мерзімін 9 айдан 5 айға қысқартуға рұқсат беру.
- бірыңғай оператордың кепілдігін алу және банктердің жобаға қатысу тәсілдерімен үлестік құрылыс кезінде талаптарды төмендету.
Ынталандыру шаралары ретінде уәкілетті компанияның көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы құрылысының аяқталуын күтпей, үлескерлердің ақшасын тартуға жергілікті атқару органының рұқсатын алғаннан кейін бірден үлескерлердің ақшасын пайдалануға рұқсат ету, уәкілетті компанияда ақшаның немесе аяқталмаған құрылыстың болуы бойынша құрылыс салушыға қойылатын талаптарды 15-тен 10%-ға дейін төмендету шаралары қарастырылған.
"Бұл адал құрылыс салушыларға үлескерлердің мүддесіне нұқсан келтірмей, жобаларды қаржыландыруға икемділікпен қарауға мүмкіндік береді", – дейді заңды әзірлеушілер.
Сондай-ақ заңда Үлескерлерді қолдау орталығын құру ұсынылған. Ондағы мақсат – азаматтарға тұрғын үйді қауіпсіз сатып алу туралы кеңес беру, белгілі бір құрылыс салушыларда жергілікті атқарушы орган рұқсатының не бірыңғай оператордың кепілдігінің болуы туралы ақпарат беру.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
