Ресейлік маркетплейстер Қазақстанда сату көлемін 12 есе арттырды: Тұтынушылар қандай тауарларды көп сатып алады
Ресейлік маркетплейстер Wildberries және Ozon Қазақстанда өздерінің сату көлемдерін бірнеше есе арттырды. Биылғы қаңтар-тамыз айларында қазақстандықтар осы онлайн платформалардан жиі тапсырыс жасап, оларға көп қаражат жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: shutterstock
Wildberries платформасында қазақстандықтардың тапсырыстарының саны 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында былтырмен салыстырғанда 2 есе өсті. Ал сатылымның ақшалай көлемі 2,1 есе ұлғайды. 2023 жылы бұл көрсеткіштер одан да жоғары болған – 4 есе жуық өскен.
Ozon маркетплейсі де физикалық сату көлемін 2024 жылдың алғашқы жартысында 12 есе арттырған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 16 есе көбейген. Қазақстандағы электронды сауда саласы дәл осы маркетплейстердің танымалдығының артуы есебінен қарқынды дамып келеді.
Халықаралық маркетплейстер Қазақстанда өздерінің ықпалын сатып алушылардың белсенділігінің өсуі арқылы ғана емес, ең алдымен логистиканың дамуы арқылы арттырды. Wildberries компаниясының Қазақстанның ірі қалаларында үш ірі логистикалық орталығы бар, ал қазір Астана мен Алматыда тағы екі орталық салынып жатыр.
Wildberries баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыстарды беру пункттерінің (ПВЗ) саны былтыр 8,9 есе көбейген, ал 2024 жылдың тамыз айында 2023 жылдың желтоқсанының соңымен салыстырғанда тағы 52% өсті.
Айта кетейік, ресейлік маркетплейстердің қабылдау орны санының өсуі ресейлік қана емес, қазақстандық бизнестің де дамуына ықпал етеді. Себебі әдетте, бұл пункттерді франшиза бойынша Қазақстан кәсіпкерлері ашады.
Фото: Finprom.kz
"Біз Қазақстандағы қабылдау желісін кеңейту бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. 2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Ozon-дағы тапсырыстарды беру пункттерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 есе өсті. Алдағы айларда біз кәсіпкерлерді елдің әртүрлі аймағында жаңа ПВЗ ашуға ынталандырып, сауда жасауды барынша ыңғайлы етуді мақсат етеміз. Бұл үшін біз басым орналасу аймақтарында қабылдау орнын ашуға қаржылай қолдау көрсетеміз", – деп Ozon компаниясының баспасөз қызметі түсіндірді.
Ozon-ның интерактивті картасындағы мәліметтерге сәйкес мұндай қолдау көлемі алты ай ішінде орташа есеппен 2,6 млн теңгеге жуықтаған. Ал Алматы мен Астанадағы кәсіпкерлер үшін қаржылай көмек мөлшері жарты жылда 7,1 миллион теңгеге дейін жетеді.
Былтыр Қазақстандағы электронды сауда нарығы рекордтық деңгейге жетіп, 2,4 триллион теңге болды. Жылдық өсім – 24,2%. Транзакциялар саны 84,1% артып, 90,2 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, маркетплейстер арқылы сатылған тауарлар жалпы электронды сауда көлемінің 72,4%-ына шамалас, бұл шамамен 1,8 триллион теңгеге тең.
Қазақстандық ұйымдардың өз сайттары арқылы сату көлемі әлдеқайда аз болды – бар болғаны 672 миллион теңге. 2023 жылы бұл сату арнасы маркетплейстермен салыстырғанда өз позицияларын жоғалтты, ал сатылым көлемі 20,5% төмендеді. Керісінше, маркетплейстер сатып алушылар санын арттырып, сатылым көлемін 58,2% ұлғайтты.
PwC Kazakhstan компаниясының зерттеу қорытындысына сәйкес, 2023 жылы электронды сауда өсімінің негізгі қозғаушы күші халықаралық маркетплейстер болды. Олардың сатылымы 3,7 есе өсті, ал жергілікті маркетплейстер сатылымдарын 1,7 есе арттырды.
Маркетплейстерге тек сатып алушылар ғана емес, кәсіпкерлер де үлкен қызығушылық танытып отыр. Былтыр Wildberries-те қазақстандық сатушылар саны 45% өсті, ал Ozon платформасында сатушылар саны 4,6 есе артты. 2024 жылы да бұл тенденция жалғасын тауып жатыр.
Жергілікті сарапшылар маркетплейстер арқылы тауарлар мен қызметтерін сататын кәсіпорындар саны өткен жылы 62,8% өсіп, 2 мыңнан асқанын айтады. Ал өз интернет-дүкендері арқылы сатылым жасайтын кәсіпорындар саны шамамен 3 есе аз – 766 болды.
Фото: Finprom.kz
Қазақстандықтар маркетплейстерде ең көп қандай тауарларды сатып алады?
Ақша көлемінде ең үлкен үлесті телефондар мен түрлі гаджеттер алады. Былтыр бұл категорияның сатылымдары жалпы сатылым көлемінің 27,5%-ын құрап, 486,2 млрд теңгеге жетті.
Екінші орында тұрмыстық техника: 2023 жылы қазақстандықтар оған 205 млрд теңге жұмсаған, оның үлесі 11,6%.
Ал компьютерлер мен оған қатысты тауарлар категориясының үлесі 10,1% болды, сатылым көлемі – 178,4 млрд теңге.
Еске салайық, бұған дейін Wildberries компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Татьяна Бакальчук Мәскеудегі кеңсені рейдерлік жолмен басып алмақ болғанын мәлімдеген. Владислав Бакальчукке Wildberries кеңсесіндегі атыстан кейін адам өлтіру, өлтіруге оқталу, құқық қорғау органының қызметкерін өлтіруге оқталу және озбырлық баптары бойынша айып тағылды.