Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бір мамандық бойынша ҰБТ-ның шекті балын көтеру ұсынылды

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсуде, әсіресе педагогикалық факультеттерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Ирина Смирнованың пікірінше, педагогикалық мамандыққа шын мәнінде ұстаз болғысы келетіндер ғана түсуі керек.

"Болашақ педагогтарға қойылатын талаптардың төмендеп бара жатқанын байқаймыз. 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарының нәтижесіне сәйкес, "Педагогика және психология" мамандығы бойынша ең төменгі балл небәрі 81 балл, ал "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" бағыты бойынша 75 балл болды. Салыстырсақ, "Құқықтану", "Заң", "Журналистика және репортерлік іс" секілді сұранысқа ие бағыттарда грант иегерлерінің ең төменгі балы 115-тен басталады. Біз педагог мамандығына тек шынымен де балалармен жұмыс істеуді қалайтын, білім мен тәрбие беруге ынталы жастар түсуі керек деп есептейміз. Бұл мамандықты тек грант алу үшін басқа мүмкіндік болмаған соң таңдауға жол беруге болмайды", – деді Ирина Смирнова.

Сонымен қатар депутат фракция педагогикалық мамандықтарға бірыңғай ең төменгі шекті балл енгізуді ұсынатынын жеткізді.

"Бұл ең мықты, ең ынталы кандидаттарды тартуға мүмкіндік береді. Біз үздік бітірген түлектерді, оқуын "үздік" аяқтағандарды жұмысқа орналастыру тетігін енгізуді ұсынамыз. Олар оқуды аяқтағаннан кейін өздері жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алуға тиіс. Қазір түлектер көбіне жұмыс іздеуге мәжбүр, тәжірибе мен аттестация талаптары жас мамандар үшін үлкен кедергіге айналды", – деді депутат.


Қазақстандық жоғары оқу орындарына грантқа түсу үшін құжат тапсыру қашан басталады


Түркістан облысында оқушы ҰБТ-дан ең жоғары 140 ұпай жинады


Еске салайық, бұған дейін талапкерлердің 75 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыратынын жазған едік. Қазақстанда 2025 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 7 шілдеге дейін өтеді. Талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді, бірақ бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Биыл шамамен 216 мың талапкер қатысады, өтініш саны екі мүмкіндікпен 399 мыңға жуық. Талап етілетін шекті балдар өзгеріссіз: құқық пен педагогикада – кемінде 75, медицинада – 70, ұлттық ЖОО-ларда – 65, басқа ЖОО-ларда – 50 балл. Тест аяқталған соң видеожазбалар талданып, заң бұзушылық болса, нәтижелер жарамсыз саналады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 15:28
Талқылау