Қазақстанда өз пәнінен тест тапсырған мектеп мұғалімдерінің 70%-ы төмен балл жинаған
Қазақстандық мектептердегі түйткілді мәселелерді «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» АҚ басқармасының төрайымы Күләш Шамшидинова тарқатып айтып берді. Ол Ақтөбеде БҚО мен Ақтөбе облысынан келген жетекші мектептердің форумын өткізді.
Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды.
«Өкінішке қарай біздің мамандарымыздың базалық дайындығы ең төменгі деңгейде. Сондықтан жаңа бағдарламаны енгізер кезде көптеген проблемалар туындап отыр», – дейді ол.
Осы жылдан бастап үш тілді және 5 күндік оқу жүйесі енгізілген. Назарбаев мектебінің 7000 мұғалімі іріктеуден өткен. Олардың көпшілігінің білімі төмен.
«Мұғалімдердің тек 5 пайызы ғана өз пәнінен 25 сұрақтың бәріне жауап бере алады. 70 пайызға жуығы 13 балл жинай алмады», – дейді Шамшидинова.
Басқарма төрайымы мұғалімдердің білім ізденуді қойғанын айтады.
«Жиналыста «Қандай ақын-жазушыны оқып жатырсың? Қандай кітап оқыдың? Қандай бағдарлама көресің?» деп сұрасаң, ешкім жауап бере алмайды. Қостанайда директордың тәрбие ісі жөнінде орынбасары қызметіне 5-6 мұғалім келді. Олардың бәрі неге екенін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері. Қандай өлеңді жатқа білесің десе, ешкім аузын аша алмайды. Мектеп бағдарламасының өлеңін де білмейді. Қазіргі заман жазшыларынан ешкімді білмейді. Бәрі жергілікті ақын-жазушыларды оқитынын айтады. Олардың да аты-жөнін айта алмайды», – дейді Шамшидинова.
Ғаламторға методикалық-жүйелік кешен бағдарламасын енгізіп қойдық, бірақ оған жылына бір адам 3-4 рет қана кіреді. Ол біріншіден, ғаламтордың төмен деңгейде жұмыс істеуі, екіншіден мұғалімдердің ғаламтормен жұмыс істей алмауынан. Мұғалімдер поштасының логині мен паролін де ұмытып жатады. Бұл жылайтын жағдай.
Төрайым мұғалімдердің жаңа методикасын тексерді. Бірақ ол да 50-жылдардағы тәжірибеге сай болып шықты. Сондықтан Назарбаев мектебінің мұғалімдеріне базалық білімді қайта сіңіруіне тура келеді.