2026 жылдан бастап оқушылар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алады: Не өзгереді
Қазақстанда орта білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты әзірленді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов жаңа стандартқан сай мектептердегі оқу жоспары қалай өзгеретінін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Время. Вера Останкова
Руслан Қаратабановтың сөзінше, жаңа мемлекеттік білім стандарты қазақ мектептеріне 2026-2027 оқу жылынан бастап енгізіледі. Жаңартылған бағдарламалар аяқталуға жақын. Жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітіледі дейді.
"2016 жылы қабылданған стандарттан айтарлықтай ауытқымаймыз. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу кезінде өткен курс өзгеріссіз қалады. Жалпы, оқытудың пәндері мен тәсілдері түбегейлі өзгермейді. Бірақ мұғалімдер назар аударатын оқу бағдарламаларын оңтайландырып жатырмыз. Қазіргі уақытта оқушыларда жүктеме көп. Бағдарламаларда көрсетілген оқу мақсаттарының саны шамадан тыс”, – дейді ол.
Сондай-ақ ол әр тақырып бойынша оқушы меңгеруі тиіс негізгі нәрселер нақты белгіленетінін айтты.
“Бұл мақсаттар. Олардың саны сегіз немесе тоғыз болуы мүмкін. Неғұрлым көп болса, материалды терең меңгеруге соғұрлым аз уақыт кетеді. Өйткені әрбір мақсат үшін тапсырмаларды дайындау, бағалау жүргізу қажет. Біз барлық бағдарламаларды талдап, мақсаттар санын қысқарттық", – деді ол.
Руслан Қаратабановтың сөзінше, бағдарламаның өзі түбегейлі өзгермейді.
“Біз оқу мақсаттарын оңтайландырып, кеңейттік. Мәселен, математика курсынан 5-6 сыныптарда 204 мақсат болса, оны 184-ке дейін қысқарттық. Ал Қазақстан тарихынан 5-9 сыныптарда 163 мақсат болса, ол 124 болды. Басқа пәндер бойынша да солай жасадық. Осылайша мұғалімнің кей тақырыптарға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік туады. Бағдарламалардың өзі, түбегейлі өзгермейді. Мектептердегі оқытудың қолданыстағы тәсілдерімен қатар логикалық байланыс және сабақтастық сақталады”, –дейді ол.
Ұқсас пәндер біріктіріледі
Академия вице-президентінің сөзінше, жаңа стандартқа сай мектептердегі тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлініп жатыр.
“Тәрбие жұмысына деген көзқарасымызды өзгертіп жатырмыз. Мемлекет басшысы өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар құндылықтарға тоқталған еді. Оның ішінде тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, құқық тәртібі бар. Біз "Тәртіпті сақтау керек!" деп айтпаймыз. Белгілң әдістермен және моральизациямен ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Бұрын балаларды акт залдарына жинап, мерекелерде олармен бірге шеруге шығып, патриоттық лебіздер айтылса – қазір ондай әдістер жұмыс істемейді. Тәрбие сағаттары қалады. Алайда патриоттық тәрбие элементтерін оқу үрдісіне тікелей енгізіп, бағдарламалар мен пәндерге қосуды жоспарлап отырмыз”, – деді ол.
Сондай-ақ ол ұқсас пәндерді біріктіру жоспары бар екенін айтты.
“Мәселен, бүкіл әлемде алгебра мен геометрия бір "математика" пәні аясында оқытылады. Бірақ алгебра мен геометрияны біріктіру керек деген мәселені көтерсек, "сіз білім жүйесін құртып жатырсыз!" деген жауап аламыз. Сонымен қатар, технология, бейнелеу өнері және еңбек пәндерін "көркем еңбек" сабағына біріктірсек болады. 1-сыныптан бастап оқытылатын цифрлық сауаттылық тақырыптарын сәйкес контексттерде басқа пәндік силлабустарға біріктіруге болады. Әдебиетте балалар аудиокітап ашады, ағылшын тілінде жасанды интеллект чат көмекшісін іске қосады, дене шынықтыруда педометр арқылы жүктемені есептеп, тамыр соғуын өлшей алады. Ал компьютерді мақсатты түрде оқуды 5-сыныптан бастаған жөн”, – деді ол.
Қаратабанов қазір барлық мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ол білім беру стандартының оңтайлы болуын және балаларға оқу жүктемесінің азайғанын қалаймыз дейді.
Қазақстанда әр мұғалімнің белгілі бір дәрежеде пәндік шовинизмі бар
“Үй тапсырмасы болмаса, бала сабақты игере алмайды. Бірақ олар тек баланың білімін бекіту үшін қажет. Біздің елде әрбір мұғалімнің белгілі бір дәрежеде пәндік шовинизмі бар. Ол өз сабағын өте маңызды деп санайды: "Мен математикпін, міне, саған тапсырма. 40 есеп – оларды шеш!" дейді. Осылайша балаларға қосымша тапсырмалар жүктеледі. Нәтижесінде үй тапсырмасының көлемі мұғалімге байланысты болады”, – дейді ол.
Сондай-ақ ол жаңа білім стандартына мектепішілік бақылау енгізілгенін айтты. Әдіскерлер стандарттың дұрыс енгізіліп жатқанын бақылап, ақауларды анықтап, түзетеді дейді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
