Қазақстанда тұтынушылық несиенің ең жоғарғы сомасына шектеу енгізілмек
Елімізде бұдан былай тұтынушылық несиесінің ең жоғары сомасына шектеу қойылатын болады. Бұл жөнінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте "Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру" тақырыбындағы Парламент тыңдауы өтті.
Мадина Әбілқасымованың айтуынша, қазір қомақты сомада тұтыну несиесін беру үрдісі өсіп кеткен.
"Біріншіден, тұтыну несиесінің өсуіне халық сұранысының артуы да әсер етіп отыр. Бұл тұрғыда тауарларға қарызды бөліп төлеуге сұраныс көбейген, сондай-ақ тұтыну несиелерін кәсіпкерлік мақсатта пайдалану да артқан", – деді Мадина Әбілқасымова.
Осының салдарынан кепілсіз тұтыну несиелері бойынша орташа қарыз жыл басындағы 913 мың теңгеден қазір 1 миллион теңгеге дейін жеткен.
Агенттік төрайымы атап өткендей 5 млн теңгеден асатын кепілсіз тұтыну несиелерінің үлесі қазірдің өзінде 12 пайызды құраған. Ал қарыз алушылардың саны бойынша 3 пайыз деңгейінде. Сол себепті агенттік басшысы шамадан тыс өскен несиеге заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынды.