Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы шықты

ҰБТ қорытындысы шықты

Фото: Ru.freepik.com

Қазақстанда 2025 жылғы негізгі  Ұлттық бірыңғай тестті 210 мыңнан астам талапкер тапсырды. Олардың шамамен 76,5%-ы тестті қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, ал 149 адам ағылшын тілінде тапсырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді және грант тағайындау конкурсына үздік нәтижемен қатыса алады. Осылайша, 210 мың талапкер ҰБТ-ны жалпы 381 мың рет тапсырған.

Тестілеу қорытындысы бойынша шамамен 161 мың талапкер шекті балл жинаған, бұл жалпы қатысушылардың 76 пайызына тең. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы – 69 балл.

Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Мұндай нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек есімді талапкер  ҰБТ тапсырудың алғашқы аптасында көрсетті. 130 балдан жоғары жинағандар саны – 598 адам.

“Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. ҰБТ-ға ерекше қажеттіліктері бар 681 талапкер қатысты. Министрлік өкілдерінің айтуынша, электронды форматтағы ҰБТ-да апелляцияға өтініш беру үдерісі ыңғайлы түрде жүзеге асырылады. Егер талапкер тестілеу нәтижесімен келіспесе, бірден электронды түрде апелляцияға өтініш бере алады. Биыл апелляцияға 92 мыңнан астам өтініш берілді, оның ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты шағымдар қанағаттандырылды”, – делінген хабарламада.


Астанада ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушыға мектеп басшысы Zeekr маркалы көлік сыйлады


ҰБТ-дан 140 балл жинаған тағы бір алматылық оқушыға пәтер берілді


Республикалық апелляциялық комиссия өз жұмысын аяқтады, ал талапкерлер сертификаттарын жеке кабинетінен ала алады.

“ҰБТ өткізу кезеңінде 711 құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Ең жиі кездескен жағдайлар — тыйым салынған құрылғыларды, яғни смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққаптар мен шпаргалкаларды алып өтуге тырысу. Осы себептермен 326 талапкер тестілеуден өте алмады. Тестілеу барысында 380 қатысушы аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды. Қосымша түрде бейнежазбаларды талдау нәтижесінде тағы 5 адамның нәтижесі жойылды”, – деп мәлімдеді министрлік.

Бейнежазбаларды талдау жұмыстары осы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады. Бұл барлық қатысушылар үшін нәтижелердің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 13 Шілде, 2025 08:06
Талқылау